Экзюперидің дұғасы

Ақыл қалта
16.01.2016 в 09:14
Экзюперидің дұғасы

Антуан де Сент-Экзюперидің ең қиын шақта, басына күн туған кезде жазған дұғасы екен. Өте маңызды нәрселерді еске түсіреді. Жаныңмен сезінесің. Ақылмен түсінесің.
• О, Жаратқан! Сенен ғажап сыйқыр сұрамаймын. Елеске табындыр да демеймін. Мен әр күннің қуатын сезіндір деп тілеймін. Маған қарыс қадам жасауды үйрет.
• Мені байқампаз, зерделі, тапқыр ете гөр. Мынау күйбең тіршіліктегі асығыс ғұмырымда мені мазалаған шынайылыққа жүрек ашып, пайдалы тәжірибе жинауыма мүмкіндік бер.
• Өмірлік уақытымды дұрыс пайдалануға үйрет. Маңыздыны мәнсізден ажырата алатын сезімталдық бере гөр.
• Ынсап бер, сабыр етуді үйрет. Бір жерден екінші жерге ұшып-қондырмай, алдаспанның жүзіндей лыпып тұрған өмірде әр күнімді ақылға сай жоспарлауды, биік шың мен көз ұшындағы жазықтарды көре білетін қасиет бер. Шынайы өнерді бағалай білетін, тани білетін, ляззат алатын уақыт бере гөр.
• Арман маған көмек бола алмайтынын түсінуіме септесе гөр. Өткенді де, ертеңді де армандау көмектеспейді.
• Маған дәл қазір, осы сәтті ең бақытты мезет екенін түсінуіме көмектес.
• Өмірде бәрі оңай болуы керек деген сенімнен сақта. Қиындықтар, кедергілер, құлау мен сынақтар бізді өсіретін, есейтетін өмірдің бір парасы екендігін түсінуіме көмектес.
• Ақыл мен жүрек үнемі тайталаса беретінін жиі-жиі еске салып тұршы!
• Керек кезінде маған ақиқатты айтатын мейірімді жанды жібере гөр!
• Көп түйткіл ешетңе істемегеннен шешілетінін білемін, соған төзуге шыдам бер.
• Адам баласы достыққа мұқтаж екенін білесің. Тағдыр сыйы делінер осы қасиетке лайықты ете гөр!
• Қиялымды ұшта. Керек сәтінде, керек кезінде, керек жерде үндемей не керек нәрсені айтып, әлдекімге жылу сыйлай алуыма септесе гөр.
• «Тым төменде» жүргендердің жүрегінен орын алатындай адам болуыма көмектес.
• Өмір керуеннен маңызды нәрсені өткізіп алу үрейінен сақта.
• Өзіме тілегенді емес, маған керектіні бере гөр!
• Қарыс қадам жасауды үйрет!

Аударған:Шынар Әбділдә