Терри Фокстың 1980 жылы, Канада арқылы Үміт марафоны кезіндегі қанға боялған шор...

Ақыл қалта
14.01.2016 в 02:18
Терри Фокстың 1980 жылы, Канада арқылы Үміт марафоны кезіндегі қанға боялған шортымен жүгіру сәті. Ол 143 күн бойы соңғы деміне дейін жүгіріп өтті. Терри Фокс 1958 жылы Канадада дүниеге келді. 1977 жылы оң тізесі ауыра бастады, соңында оған "сүйек ісігі" деген диагноз қойды. Дәрігерлер оң аяғын тізесінен жоғары кесіп тастауға мәжбүр болды. Араға үш жыл салып жас атлет елдің шығысына батысына дейін жүгіріп шығуға бел буады. Шараның мақсаты — ісік ауруларын зерттеуге қайырым қаражатын жинау болатын. „Үміт марафонын„ ұйымдастыру кезінде әр отандасынан "1 доллардан" жинасам деп армандады. Алдын ала дайындықсыз, ұзақ қашықтықты жүгіріп өту оңайға соқпайтынын жақсы түсініп, Терри бір жылдан астам өзін баптады. 1980 жылғы 12 сәуір күні аяғын Атлант мұхитының суына малып, келесіде Ванкувер қаласында Тынық мұхитының суына салуды ниет етті. Орта есеппен тәулігіне 42 шақырымды басып отырды, алайда ауру әрі қарай күшейе түсті. Кесіп тастаған аяғының орнына қойылған протездің жанына батуына қарамастан, қайсар атлет райынан қайтпай сапарын жалғастыра берді. „Кемедігінің жаны бір„ деген қағиданы ұстана отырып, миллиондаған өзі секілді науқастарға көмектесу құштарлығы мен қайтпас мінезінің арқасында тек алға жылжып отырды. Марафон мәресін көру Терри Фокстың пешенесіне жазбапты. Аяқтан өкпеге шапқан қатерлі ісік марафондық жүгірісті 1980 жылы 1 қыркүйекте тоқтатады. Науқас марафоншы шара басталғаннан кейінгі 143 күн ішінде Ньюфаунленд, Жаңа Шотландия, Принц Эдуард аралы, Нью-Брансуик, Квебек, Онтарио провинцияларының аумағы арқылы 5 373 шақырымды өтіп, Тандер-Бей қаласының маңына келіп табан тіреді. Тоғыз ай өткеннен соң, 23 жасына толмай Терри көз жұмды. 1981 жылғы ақпан айында 24 млн. доллардан астам қаражат жинайды. Ең бастысы, бұқара назарын өзіне аудара алды. Бүгінгі күні әлем бойынша Канада және 50 астам мемлекеттерде Терри Фокс атындағы қайырымдылық жүгіру шаралары жыл сайын өткізіліп, жиналған қаражат "Қатерлі ісік" ауруларын зерттеу қорына аударылып жүр. "Terry Fox Run" рекордтар кітабына әлемде қайырымдылық жинаудан ең үлкен жалғыз басты компания ретінде енгізілген. 25 жылдан соң „Терри Фокс" қоры 360 миллион доллар жиналып, миллондаған адамдардың көмегімен Терри Фокс әрекеті бекер болған жоқ. Канада билігі мұзжарғышқа оның атымен атау қойды. Кеме 1983 жылы қолданысқа берілген.