«Жырымдалған жүрек» туралы аңыз

Ақыл қалта
08.01.2016 в 06:06
«Жырымдалған жүрек» туралы аңыз

Жайма шуақ күндердің бірінде бір сымбатты жас жігіт үлкен қаланың қақ ортасындағы алаңға шығып, айналадағы жүргіншілерге өз жүрегінің сұлулығы жайында мақтанышпен паш етті. Оны қоршап алған күллі жұрт бұл хабарды таңданыспен қабылдап, таңдай қағысты. Оның жүрегі расымен де ғажап еді. Түк сызаты жоқ, еш жеріне дақ түспеген. Қара көбейткен әр адам жүректің тазалығына тәнті болып, мұндай пәк жүректі ешқашан көрмегендерін айтып, бас шайқасты. Жігіт жүрегіне мақтанып, жүзі бал-бұл жайнады.
Сол сәтте топтан бөлініп ортаға бір қария шығады.
– Менің жүрегімнің сұлулығының жанында сенікі шаң қауып қалады, - деді ол.
Сонда жиналған қауым түгел бұрылып жаңағы шалдың жүрегіне қарайды. Оның жүрегі соғылған, майысқан, тыртығы көп, кей жерінде жүрек жұлмаланып, орнына басқа жүректермен толтырылған екен. Ал, кей тұстары мүлде бос күйінде қалыпты. Жырым-жырым жүрегін сұлу деп айтуға бұл шалдың дәті қалай барды екен деп жиналған ел оны ашкөздене қаумалады.
Жігіт шалдың жүрегіне қарап, мырс етіп күліп жіберді:
– Қария, бәлкім, сіз қалжыңдаған боларсыз. Өз жүрегіңізді менікімен салыстырып көрсеңізші! Менікі – бірегей! Ал, сіздікі ше?! Сіздікі – көз жасы мен тыртықтарға тұнып тұр!
– Иә, – деп жауап қатты қария, – сенікі сырттан қарағанға өте әдемі көрінеді. Бірақ мен өзімдікін сенің жүрегіңе ешқашан айырбастамас едім. Қарашы! Менің жүрегімдегі әр тыртық – өз жүрегімнен орын беріп, шын ниетіммен жақсы көрген адамыма арналған. Жүрегімнің бір жұлымын еш ойланбастан оған жұлып бердім. Көп жағдайда олар да маған жүрегінен үзіп берген еді. Өз махаббатымен бөлісті. Мейірімін тосты. Оның жүрегі менің жүрегімнің бос қалған жерін толтырды. Бірақ өмірде кей жүректер бір-біріне сәйкес келе бермейді екен, әттең... Кейбір кезде мен жүрегімді жұлып бергенде, өзгелер есесін қайтара алмады. Сондықтан менің жүрегімнің шет-шегі жырымдалған. Мен оларды жаныммен сезініп, сақтап, қорғаймын. Олар менің жеткізе алмаған махаббаттарымның мәңгілік естеліктері. Соның салдарынан жүрегім шұрық-тесік болды. Сен жан-тәніңмен сүйген адам саған дәп сондай сезіммен жауап қата алмауы да мүмкін. Бұл тесіктер жаныма сызат түсіріп, жүректі қатты ауыртқанмен, олар маған шынайы сезімім туралы еске салып тұрады. Кім білсін, бәлкім уақыт өте ол жүректер мені іздеп табар. Оралмауы да ықтимал. Өкінішім жоқ. Мейлі, бастысы олар маған көп оқиғаны еске салады. Бұл естеліктер маған аса қымбат. Олардың өн бойында тамаша бір шынайылық лебі бар. Ол сезімдерсіз өмір тұтас бола алмас, сірә... Нағыз сұлулық қандай болатынын енді түсіндің бе?
Шалды қоршаған көп адам үнсіз қалды. Жас жігіт естіген сөздерінен есінен танады. Көз жанарына жастың шығы тұнды.
Өз жүрегінен бір үзіп, дірілдіген саусақтарымен оны шалға ұсынды. Шал оның сыйын қабыл алды. Есесіне өзінің жүрегінен осылай жұлып алып жігіттің жүрегіндегі алғашқы тесікті толтырды. Біркелкі болмаса да, шеттері қабыспай тұрса да, тесік жабылды.
Жас жігіт жүрегіне қарады. Ол алғашқыдай біркелкі, әдемі болмаса да бұрынғысынан әлдеқайда көркем бола түскенін тұла-бойымен сезінді.

Аударған Шынар Әбілдә