Сүндетке отырғаның — иманды болғаның…

Балапаным ♕
16.10.2015 в 11:00
Сүндетке отырғаның — иманды болғаның…

Құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесер деген сияқты бала өміріне қатысты тойлардың маңызы мен ерекшелігі жайлы сайттың «Дәстүрдің озығы бар…» бөлімінде айтып өттік. «Енді ұл баланың өміріндегі үлкен бір белес – сүндет жайлы, сүндеттой жайлы не білеміз, бүгінде сүндеттой қалай жасалып жүр» – осы жайлы сөз қозғамақпыз. Сонымен…

Сүндеттойдың ерекшелігі

Қазақ – титімдей жақсылығын жария етіп, қуанышын елге жайып жүретін, әрбір қуанышында шашуын шашып, тойлап жүретін халық әрі қашанда бір-біріне көңіл сыйлап, жақсылық тілеп жүреді. Қазақ халқының жан-жаққа ат шаптырып, хабар беріп жасайтын атаулы тойларының бірі – сүндеттой. Сүндеттойға бүкіл ағайын-туған, нағашы-жиен, жекжат-жұрағат, дос-жаранның барлығы шақырылады. Бұрынырақта нағашы жұртына, құдаларға, ағайындарға, достарға дегендей, әрқайсысына арналып жеке үй тігілетін болған. Қонақтарды күтетін адамдар да белгіленетін. Осы күні ат шаптырылған, бәйге ұйымдастырылған, жамбы атқан, палуан күрестірген, теңге алған. Балаға арналатындықтан тай жарыс, құнан жарыс өткізілген. Баланы сүндетке отырғызып, қуанышын елмен бөлісу ата-ананың парызы болып есептеледі. Ал сүндеттой жасау – көзі тірі ата-әженің парызы, яғни ата-әже «немеремді сүндеттеп жатырмын» деп осы тойды өз аттарынан жасайды.

Баланың өзі де кішкентайынан той-томалақты көріп өскендіктен, өзінің де сондай бір белестен өтетінін білгендіктен бұған психологиялық тұрғыдан дайын болады. Сонда да атасы мен әжесі ұл баланы «сен азамат боласың, жігіт боласың» деп құлағына сіңіріп өсірген. Әр жерде әртүрлі, тіпті өрескелдеу айтып жүргендер бар, бірақ бұрынырақта текті ата-әжелер балаға сүндеттеуді «сен сұлуланасың» деп жеткізген екен. Кез келген ұл баланың арманы – жігіт болу, азамат болу, сол себепті ол да іштей бұл күнді күтеді, асығады. Осы күні балаға бастан-аяқ жаңа киім кидіреді. Екі иығына үкі қадайтын болған. Содан кейін өзінің ашамайлы бәсірелі тайына мінгізген, ал оның атына қоржын салған. Қасына сәнді киінген 1-2 бозбаланы ілестіріп, ағайын-туғанға тойдың қуанышын жеткізуге жіберетін болған. Сүндеттойдың басқа тойлардан ерекшелігі – тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыратындығында. Тіпті жолаушы барып та шақырып келген. Себебі біреу арқылы айта салғанға «пәленше келіп айтып кетті», «біреуден айтып жіберіпті» деп шақырылған жақ кәдімгідей ренжіп қалған. Өйткені бұл – баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашады. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алады екен. Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген. Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың нағашы жұртынан, бір жерде – «қырық серкеш», енді бірі – «қырық шұбар тай» дейді, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін – малын айдап келген. Оны өздеріне міндет әрі үлкен дәреже санаған. Баланың, анығы ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне тиесілі жеке мал басының жиналуынан басталады. Бала ержеткенше осы малының басы көбейіп, өсе береді, оған тиіспеген. Ол кездегі байлар мен кедейлерді салыстыруға болмас, бірақ кедейдің баласына да «көңілі ортайып қалмасын», «еңсесі түспесін, өзгелерден өзін қор санамасын» деп бәсіресін беріп, сыйлықтарын берген. Шамалары келгенше алдына мал салған. Өйткені қазақтар біріне-бірі қолғабыс жасаған, соны мәртебе санаған. Қалай болғанда да, бала сүндеттойында үлкен сыйға, құрметке ие болған. Кейде баланы сүндеттеп қойып, тойын ыңғайлы кезге қалдырады. Біз кіші немеремізді сүндетке отырғызғанымызбен, бүкіл қазақ халқы атап өткелі отырған атаның мерейтойына байланысты сүндеттойын әлі жасамадық. Атаның тойымен қабаттастырғымыз келмеді, әр тойды жеке өткізгенге не жетсін…