Шежіре

Қожалар ☾⋆
19.10.2015 в 01:27
Шежіре

Сейтпенбет қожа

ХVIII – ғасырдың бірінші жартысында Қият қаласында тұрушы молла Әзім деген кісінің арғы атасы XVII – ғасырда Арал теңізі жағасында мекен еткен Жетірудың Кердері елінен Қият қаласына келіп, әр түрлі кәсіп істеп, үйленіп, Хорезімдік болып кетеді.
Әзім молланынң Сейд Мұхаммед, Әли Мұхаммед деген екі ұлы болады. Олардың екеуі де Хиуада және Бұхарадағы медреселерді бітіріп, қатым етеді. Білімдерін толықтыра түсу үшін Бағдат, Мысыр, Шам, Мекке, Медине, Герат шаһарларында болып, қажы атағын алып, Бұхараға қайтып оралады. Ағайынды екеуі де парсы, араб, түрік, үнді, қытай тілдерін білген үлкен ғалым-ғұлама адамдар болады. Бұхарада екеуі де ұстаздық етіп, бала оқытады, әр түрлі шөптерден дәрі жасап дәрігерлік кәсәппен де айналысады. Әли Мұхаммад түрік, парсы тілдерінде өлең, философиялық мәселелер жөнінде кітап шығарады.
Бұлар XI – ғасырдағы Ибн Сина сияқты адамдар болғанға ұқсайды. Ағайынды екеуінің білімдарлығын көре алмаған адамдар пәле-жала жауып, бұлар мұсылман дініне қарсы адамдар деп, ханға шағым беріп, қуғынға ұшыратады. Дін жолымен жазаламақ болады. Бұл жаладан құтылу үшін Бұхараға келген қазақ базаршыларымен байланыс жасап, керуенге ілесіп қазақ даласына келеді.
Сейд Мұхаммед (Сейтбембет) қожа – Шөмекейдің Бозғыл руындағы Сейін аталығы ауылдарында молдалық етіп бала оқытып, дәрігерлік етеді, тіпті, ауа райына да болжаушылық айтатын болған.
Әли Мұхаммед қожа – Тама руындағы Есет батырдың ауылына орналасып, ағасының кәсібімен бұл да айналысады. Ағайынды екеуі бір жылдан кейін Бұхарадағы әйелдері мен балалларын көшіріп келуге барады. Бірақ әйелдерінің әке-шешелері қызымызды қазақтың шөліне жібермейміз деп, алып қалады. Амалы жоқ, әйел-балаларынан күдер үзіп, қазақ ауылдарына қайтып оралып, сонда қалып қояды.
Бұлар өздерінің зор ғұламалығының арқасында халық арасында үлкен беделге ие болып, оны ауыл адамдары пір тұтады, қалыңдық беріп үйлендіреді. Бірнеше жылдан кейін Сейд Мұхаммедтің Бұхарадағы әйелінің қолында қалған Назар, Кердері деген екі ұлы өсіп, есі кірген соң әкемізге барып қайтамыз деп, қазақ базаршыларымен сапар шегеді. Бірақ жолдары болмайды. Жаңадария мен Қуаңдария арасында керуенге Қоқанның қанішер ұрылары кездесіп, тонап, адамдарын Назар мен Кердеріні қоса өлтіріп кетеді.
Сейд Мұхаммед қожа балаларының өлігін Қуаңдария жағасына әкеліп жерлеп, бастарына белгі орнатады. Сол қойған төбені ел «Назаркерде әулие» деп атаған. Бұл белгі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы «Қуаңдария» совхозының жерінде.
Сейд Мұхаммед (Сейтбембет) қожаның барлық балаларын пірдің тұқымы деп, халық өте құрметтеп, сыйлаған. Сейтбембеттің мазары Сырдария мен Қуаңдария арасында Іңкәрдария жағасында, оны жұрт Көп мешіт-әулие деп атаған.
1803 жылы Орынбордың әскери-губернаторы кінәз Г.С. Волконскийдің тапсыруымен қазақтың үш жүзінің саны, мекені және баратын базары туралы Көбек Шүкірәліұлы мен Қазан татары Ғалы Шахмұратовтың берген мәлімдемесі бойынша, Шөмекейдің Сейін (Желдер) руының 4 бөлігінде 6 мың үй халқы бар, керуендерді тонайды, Бұхараны базарлап, сауда-саттық етеді деген. Ел басылары: Кетебай би, Қорен батыр, Айтілес би, Жәрімбет билер болған. Жәрімбет бидің беделі мен ықпалы аралас-құралас көшіп жүрген Кете мен Шөмекей руларында ерекше орын алған. Сол заманда бұл елдің Сейтбембетқожа деген пірі болған (Материалы по истории Каз.ССР (1785-1828г.г.) т.IV, М., Л., 1940, с.514).
___________________________________
Кіші жүздің шежіресі, Хамит Маданов, Атамұра-Қазақстан Алматы 1994ж. 134-136 беттер.
Популярное