Тегіннен тегін атпас бүр шынардан,

Тегіннен тегін атпас бүр шынардан,
Құдірет, бас иетін тылсым- Аллам.
Фәнидің шөлі қысып жатқан кезде
Сәбидің өкшесінен су шығарған.

Жүрекке иман келген, сенім келген,
Әр кеудеге емдейтін емін берген.
Өктем кеткен ісіңді дұрыста деп
Көктен түскен Құранды «тегін» берген.

Алланың құдіреті дара, тіпті,
Әлемге тіршілікті таратыпты.
Қабырғасын сөгіп ап Атамыздың
Хауа ананы серік қып жаратыпты.

Алла қылды олардың жүзін жарық
Қонғандай болған еді тұғырға нық.
Алғашқы рет аңдамай басты қадам
Шайтанның айтқанымен жүзімді алып.

Адастырды еркінен тыс ұлыңды
Иығына ібіліс күші мінді.
Адам деген атпенен жүрген олар
Пенде боп жер бетіне түсірілді.

Ұрпағы көбейеді, (санын қара)
Әділ боп Әбілі өсті дарын, дана.
Жамандықтың дәнегін жерге сеуіп
Алаң қыпты көңілді Қабыл бала.

Содан бері күн мен түн күреседі
Жақсылық пен жамандық тіреседі.
Ақ пен қара арбасқан әлі күнге
Алайда Алланың бар бір есебі.


Таблиғат, Такфир, тахрир- алаң бәрі
Оларға ән де, ғылым-харам бәрі.
Тал түсте тура жолдан тайдырам деп
Сойқан сап «салафи » жүр санаңдағы.

Қоғамға олар қауіп жасайды анық
«Иегово» отыр иекте , асайды алып.
«Ата жол» деп атасын танымайды
Бастаған «Жаңа өмірге » басы айналып.

Бәрібір бір Алланың күші мықты
Джихадқа жәрдем деген түсінікті
Бергенмен, жолдан тайған жәдігөйлер
«Джихадты» жан алу деп түсініпті.

Алла біреу, ол мәңгі бөлінбейді,
Дінін сатқан пенделер, сенің мейлі
Сайтаның сығалап кеп тұрған кезде
Сақалың сұлу болып көрінбейді.

Анық нәрсе жоқ бүгін Құрандай шын
Мынау халал, харам деп ұрандайсың.
Ол амалды, күнәңді бір Алладан
Орамалдың астына тыға алмайсың.

Лайлама сенім деген бұлағыңды
Кеудеңе қонақтатпа «кір» ағымды
Ақ жолмен ,адал жолмен өмір сүргін
Алла алдында ұмытпа сынағыңды.

Авторы : Лұқпанова Жеміс
Популярное