Амангелді МҰҚАН, өнертану кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі:

Амангелді МҰҚАН, өнертану кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі:
ӘЛЕМДІК ОПЕРАЛАРДЫҢ ЕҢ ҮЗДІГІ – «ОТЕЛЛО»

– Шекспирді сөз етпес бұрын әңгімені алғашқы театрлардан бастасақ?
– Жалпы, театр өнері, соның ішінде драматургия саласы туралы айтар болсақ, оның бастау көзі әріде. Бізге жеткен жазба деректері бойынша, театр өнері бастауын көне грек театрынан алады. Эсхил, Еврипид, Софокл деген атақты үштік бар. Бұлардың үшеуі де біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларда өмір сүрген. Үшеуі де трагедия жазған. Олардан сәл кейінірек шыққан Арис­тофан комедия жазған. Бұлардың барлығы да өздері жазған шығармаларын сахнада өздері ойнаған. Ол кезде дәл қазіргідей театр болмаған. Алғашында сахнада жалғыз ғана актер, шығарманың авторы ойнаған. Бұл шамамен біздің жырауларға келеді. Жыраулар да таңды таңға ұрып жырлап, тіпті, жырдағы оқиғаларды сипаттағанда өздері де актер болып кеткендігін ел аузынан жеткен әңгімелерден білеміз. Одан кейін екінші, үшінші актерлер қосылған. Орта ғасырларда шіркеудің ықпалы мықты болып, театр өнерін насихат құралы ретінде өз мақсатына пайдаланған. Яғни, Інжілдегі әртүрлі оқиғалар бойынша діни тақырыптағы мистерия, миракль, т.б. секілді театрландырылған көрініс-қойылымдар сахнада қойылған.
– Шіркеудің ықпалы қаншаға созылды?
– XІV-XVI ғасырларда христиан дінінің он шақты ғасырға созылған қоғамға ықпалы әлсірей бастайды. Оған дейін шіркеу күшінде тұрған кезде қоғамда өзгеше ойлауға ерік берілмеген болатын. Шіркеу догматтарына қарсы шыққандардың бәрін инквизиция соты соттайтын, тіпті талай озық ойлы адамдарды өртеп жібергені тарихтан белгілі. Осылайша, шіркеудің ықпалы азая бастаған тұста Қайта өрлеу – Ренессанс дәуірі басталды. Шекспир – осы кезеңде өмір сүрген драматург. Сол кезеңде болған оқиғалар, тарихи тұлғалардың өмірі Шекспир шығармашылығында көрініс тапты. Ол кезде театрлар негізінен кезбе, жеке көшпелі труппалардан тұратын еді. Шекспир шығармашылық труппасының ойыны І Яков корольге жаққаннан кейін корольдің қолдауымен бұл театр компаниясы Темза өзенінің оң жағалауында өзінің атақты «Глобус» театрын салып, театр өнерін дамытуға мүмкіндік алады. Театрда драматург ретінде өзінің жазған пьесаларын қойып, өзі орындаушы актер болып ойнайды. Өзі өмір сүріп отырған кезеңге дейінгі тарихи оқиғаларды шығармашылығына арқау еткен Шекспир көрерменнің зор ықыласына бөленеді. Дәл сол уақытта оның драматургиясы жоғары бағаланғанымен, өзі өмірден өткен соң біртіндеп ұмытыла бастайды. Себебі, Еуропа мәдениетіндегі кезекті классицизм бағытының қатаң талаптары шеңберіне Шекспир шығармашылығы сыймайтын еді. Тек XIX ғасырда романтизмнің белгілі өкілдері мен викториандық дәуірдің театр қайраткерлері Шекспир драматургиясына қайтадан назар аударып, ерекше ден қойып, оның шығармашылығы дүниеге қайта келу кезеңін бастан кешеді. Шығармалары қайтадан қолға алынып, бағаланып, үлкен сахналарда қойыла бастайды.
– Шекспир шығармаларының желісімен опералар осы кезеңде жазыла бастады ма?
– Опера күрделі синтетикалық жанр ретінде ұзақ даму жолынан өтті. Заманының үздік сахнаға арналған пьесалары болған Шекспир шығармашылығы музыкалық театр мамандарының назарында болғаны анық. Дәл сол кездері қалыптасып, керемет даму кезеңін басынан өткеріп жатқан музыкалық театр өнері де жақсы драматургияға зәру еді. Шекспир туындылары осы театр талаптарына сай келетін. Ол кезде музыкалық театрға композиторлар көбінесе пьесаның өңделген, ықшамдалып жазылған нұсқаларын қолданды. Ал енді оны музыкалық театрдың заңдылықтарына сәйкес, басынан аяғына дейін өңдеп шығу үлкен шеберлікті қажет етті. «Гамлет», «Отелло» – төрт-бес актілі үлкен шығармалар. Қара сөзбен ойналғанның өзінде ұзақ уақыт алады. Ал оны музыкаға айналдырған кезде тіпті ұзаққа созылып кетеді. Өйткені, операның тек музыкамен ғана орындалатын увертюрасы бар, оның үстіне, опера хоры, ансамбльдері, жеке арияларында бір ауыз сөздің өзі әндете орындалады. Сондықтан да, оның бәрін ықшамдап, либреттосын жасап, сюжетін кесіп, негізгі түйінді-түйінді деген жерлерін таңдап алып, музыка жазу композиторлардан үлкен өнерді талап етті.
– Шекспир шығармаларына қандай мәселелер өзек болады?
– Ешқашан сарқылмайтын мәңгілік махаббат тақырыбы, ұрпақтар арасындағы тайталас немесе патшалық билікке талас тақырыптарына үңіле қарағанда көптеген басқа да қатпарлы астарларды көреміз. Мысалы, «Король Лирді» алып қарасақ, алжыған патша өзінің билігінен бас тартып, үш қызына бөліп береді. Бір қызы былай тартады, екінші қызы былай тартады. Айналып келгенде патшаның ойланбай жасаған қадамынан мемлекет, ондағы қаншама халық күйзеліске ұшырайды. Яғни, бұл мемлекет билігін қолында ұстап тұрған тұлғаның қателігі бүкіл халыққа, мемлекетке зиянын тигізетінін көрсетеді.
Ал енді «Гамлетті» алып қарасаңыз, мұнда адамның ішкі жан дүниесінде болып жатқан арпалыс, қарыз бен парыз, кек алу, жақын адамдарының сатқындығы суреттеледі. «Венециялық көпесте» басты тақырып бір қарағанда дүниеқоңыздық, ашкөздік секілді болып көрінгенмен, сол қоғамда қалыптасқан адамдар арасындағы құқықтық аспектілер, ұлттық ерекшелігіне қарай кемсіту проблемалары да қамтылған. «Макбетте» негізгі тақырып билікке келу жолының әртүрлілігі, сол жолда тұлғаның адами келбетін сақтау мәселесін көтереді. Макбет билікке келу жолында корольді өлтіріп, қолын қанға малады. Одан кейін де бәсекелес болады-ау деп күдіктенген талай адамды ажал құштырып, ақыры өзінің түбіне өзі жетеді. Осы қадамның бәріне оны әйелі итермелеп отырады. Қанға қолы әбден малынып барып билікке келгеннен не пайда? Барлық төккен қаны көз алдында. Ең соңында есінен танып, өзі де кісі қолынан қаза табады. Жалпы, Шекспир шығармаларының тақырыптық ауқымы кең.
– Енді негізгі әңгімеге оралып, Шекспир шығармаларының желісімен жазылған опералар туралы айтсақ...
– Ғалымдардың пайымдауынша, әлемде Шекспир жазған 37 пьесасының желісімен жиырма мыңға жуық музыкалық шығармалар жазылған екен. Бұл жерде мен тек опера туралы ғана айтып отырған жоқпын. Ал енді қай шығармалары музыкалық театрларда көбірек қойылған деген сұраққа келсек, оның комедиялық шығармалары желісімен жеңіл, жағымды, халық құлағында қалатын музыкалық шығармалар жазылған. Халыққа көңілді көтеретін жеңіл дүниелер жағымды әсер қалдыратыны және ол дүниелер ұзақ өмір сүретіні – белгілі жайт. Ал классикалық үлгіде жазатын байсалды композиторлардың шығармашылығында трагедиялық шығармалары алдыңғы орынға шыққан. «Король Лир», «Макбет», «Отелло», «Ромео мен Джульетта» секілді туындылары көптеген композиторлар шығармашылығына арқау болған.
– Сонда бір ғана «Король Лирдің» желісімен бірнеше автор бөлек-бөлек опера жазған ба?
– Иә, бірнеше автор бөлек-бөлек жазған. «Макбет» трагедиясы желісімен де бірнеше музыкалық шығармалар жазылған. Соның ішінде музыкалық театр тарихында ерекше із қалдырып, күні бүгінге дейін қойылып келе жатқан шығармалардың бірі – атақты итальян композиторы Джузеппе Вердидің «Макбет» операсы. Әйелінің айтуымен бүкіл мемлекетті күйреткен патшаның іс-әрекеті көрерменнің ашу-ызасын тудырғаны соншалық, олар әртістерге қосылып арияларды айтатын болған. Тіпті, көрермен халық арияларды айтып тұрып алған кезде спектакльді полицияның күшімен таратқан кездер де болған. Джузеппе Верди «Макбет» операсын жазған кезде алдыңғы планға Макбеттің өзі емес, оның әйелі Макбет ханым шығады. Өйткені, шығарманың драматургиялық өрістеуіне екпін беріп отырған зұлымдықтың бас­таушысы – сол. Жалпы, Шекспирдің шығармалары өзге де қаламгерлердің туындыларына өзек болған.
– Қандай шығармаларға?
– Мысалы, орыс жазушысы Николай Лесковтың «Мцен уезінің Макбет ханымы» повесінің негізінде жазылған композитор Дмитрий Шостаковичтің осы аттас операсы бар. Түптеп келгенде, мұнда да Шекспир шығармасының сюжеті жатыр емес пе? Шекспирдің «Макбетінде» билік үшін кісі өлтірсе, мұнда күйеуінің байлығын иеленіп қалып, өзінің нақсүйеріне қосылу үшін қайын атасын, күйеуін, оқиғаға куә болған кішкентай баланы өлтірген әйелдің трагедиясы суреттеледі. Әйелдің қылмысы ашылған кезде байлығы үшін ғана оны жағалап жүрген еркек басқа әйелге кетіп қалады.
– Шекспирдің әйгілі шығармаларының бірі «Отелло» желісімен опера жазылды ма?
– «Отелло» желісі бойынша алғаш опера жазғандардың бірі – атақты итальян композиторы Джоаккино Россини. Бірақ, оның шығармасы өз заманында аса танымал болғанымен кейінгі ұрпақ көркемдік деңгейі биік туынды ретінде қабылдай қойған жоқ. Себебі, авторлар тарапынан Шекспир драмасының кейіпкерлері, оқиға желісі елеулі өзгеріске түсіп, көптеген бұрмалаулар болады. «Венециялық мавр» атты операда Отелло сүйгенін қанжармен өлтіреді, көрерменді үркітпеу үшін сахнаға Отеллоны ақ нәсілді адам етіп шығарады. Ақын Байрон осы шығарманы опера сахнасынан көріп «...они распяли его в опере» дегенінен-ақ Шекспир-Россини туындысы қандай болғаны туралы ой түйе беруге болады. Осы тақырыпқа басқа да композиторлар жазды. Бірақ, күллі көрерменнің көңілінен шығып, осы уақытқа дейін сахнадан түспей келе жатқан опера – тағы да Джузеппе Верди жазған «Отелло». Вердидің өзі «Отелло» менің шығармаларымның ішіндегі ең үздік туындым» деп мақтанышпен айтқан. Бірден айта кету керек, «Отелло» операсы тек Джузеппе Вердидің ғана емес, жалпы әлемдік опералық шығармалардың ішіндегі ең үздігі, биік шыңы десек қателеспейміз.
– Не себепті оны ең үздік опера деп атайды?
– Операның басты артықшылығы – басынан аяғына дейін ұйысқан, бір деммен орындалатын бас-аяғы тұтас шығарма. Верди Шекспирдің драматургиясын жоғары бағалаған. Себебі, Шекспир шығармаларында бой көрсеткен сан алуан кейіпкерлер галереясынан, тартыстардан, адам бойындағы күшті құштарлық сезімдерден мықты музыкалық образдар шығады деп білген. Ол махаббаттан, жек көруден, адамның басқа сан түрлі сезімдерінен конфликтілік бастау іздейді. «Король Лирде» пафос, салтанаттылық жоқ деп бекер айтпайды. Музыка тілімен берілетін драматургиялық образдар мен қарама-қайшы ортаның арасындағы қақтығыстар бір-бірімен астасып жатуы керек. Егер сахнада сезімге бай, тұғыры берік, күшті кейіпкерлердің шынайы сезімдері болмаса, опера желісі босаң, көркемдік деңгейі төмен шығарма болады. Мысалы, Отелло, Яго, Дездемона сынды антогонистік бағыттағы, бір-біріне қарама-қайшы кейіпкерлердің жарқ-жұрқ сезім серпілістері болмаса спектакль ширақ шықпайды, өлі туылған шығарма боп есептеледі. Вердидің Шекспир пьесаларына керемет құштар болуының себебі осында. Верди «Отеллоны» өмірінің соңына қарай жазып, әлемнің ең үлкен сахналарында қойылған соң тіпті идеялық қарсыластарының өзі оның ұлы композитор екендігін мойындайды.
– Шекспирдің сюжеті бойынша Вердидің жазған ең соңғы операсы «Отелло» ма?
– Жоқ, одан кейін де Верди Шекспирдің туындылары негізінде «Фальстаф» атты опера жазған. Бірақ Шекспирде «Фальстаф» деп аталатын жеке туынды жоқ болатын. Вердидің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында театр алдыңғы жазылған шығармаларынан спектакльдер қоймақшы болғанда ол жаңа опера жазып бермек болып, «Фальстаф» атты комедиялық опера жазуға кіріседі. «Фальстафтың» желісін Верди Шекспирдің «ІV Генрих» хроникасы мен «Виндзор күлегештері» комедиясынан алған. Бас кейіпкер Фальстаф – қарапайым халықты ойын-күлкіге қарық қылатын комедиялық кейіпкер. Тілі удай сайқымазақ, ішкіш маскүнем, жасына, дөңгеленген денесіне қарамай, өзі жайлы жақсы пікірдегі жан. Шекспирдің өзге шығармаларында да кездесетін мұндай адамдар халық арасында бүгін де бар, оларды өлмейтін кейіпкерлер дейді. «Фальстафты» да халық өте жақсы қабылдайды. Бұл да аса жиі болмаса да, бүгінгі күнге дейін қойылып келе жатқан шығармалардың бірі. Шарль Гуноның «Ромео мен Джульеттасы» да кезінде көп қойылды, бірақ, Вердидің операларындай сахналық ғұмыры ұзақ болған жоқ.
– Шекспир шығармалары желісіндегі опералар қазақ сахнасында қойылды ма?
– 1960 жылдардың басында орыс труппасы «Отеллоны» қойған екен.
– Одан кейін қойылған жоқ па?
– 2000 жылдардың басында Астана қаласында Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры ашылып, Санкт-Петербургтен келген режиссер Юрий Александров біраз спектакльдер қойды. Театр әртістері біраз толысып, тәжірибе жинақтады деп есептеген Александров 2008 жылы «Отелло» операсын қойды. Бұл cпектакль театр труппасының үлкен жетістігі болды. Бір айта кетерлігі, Александров «Отеллоны» классикалық үлгіде қойды. Спектакльдің бүкіл қойылымы, онда ойнаған актерлердің орындаушылық, актерлік шеберлігі, сахнаны бөлуі, декорацияны әдемі қоюы, әртістердің костюмдері – бәрі де жоғары деңгейде жасалды. Ең бастысы, осы қойылым арқылы біздің жас театрдың әнші актерлері үлкен шығармашылық биікке көтеріле алды.
Әлемдік деңгейдегі үлкен операны сахнаға алып шығу кез келген театрдың қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл опера үшін жақсы актерлік құрам, тәжірибелі оркестр, кәсіби хор және мықты дирижер керек. Міне, осы жауапты жұмысты театр алып шыға алды. Өте сәтті қойылым болды деп есептеймін.
– Бұл операға итальяндық опера әншілері шақырылды деп естіген едім...
– Ұмытпасам, «Отелло» Астанамыздың он жылдығына орай қойылған болатын. Сондықтан да, алғашқы құрамда арнайы шақырылған итальяндық әншілер, екінші, үшінші құрамдағы көрсетілімдерде біздің өз әнші актерлеріміз өнер көрсетті. Театрдың сол кездегі белді әнші актері Байғали Момбеков – Отеллоны, жас орындаушы Евгений Чайников – Ягоны, Жанат Бақтай – Дездемонаны сомдады. Барлығы да өз рөлдерін жоғары деңгейде алып шықты. Жалпы, Астана театрының «Отелло» операсын қоюын қазақ опера театрының үлкен жеңісі деп бағалауға болады.
Сонымен бірге, Шекспир шығармалары бойынша жазылған «Вестсайд тарихы» және «Сүйші мені, Кэт» атты мюзиклдер қазіргі Қазақстандағы жалғыз оперетта театрында, Қарағанды облыстық музыкалық комедия театрында қойылып жүр.
– Шекспир шығармалары желісімен жазылған опералар қазақ тіліне аударылды ма?
– Негізі, классикалық операларды түпнұсқа тілінде орындаған дұрыс. Әлемдік тәжірибе осыған жүгінеді. Ал аудармасы жүгіртпе жолдар арқылы арнайы экраннан көрсетіліп тұрады.
Жалпы, Шекспир шығармаларының тақырыбы ескірмейтіндіктен және баршаға бірдей түсінікті болғандықтан, оның желісімен жазылған опералар тек Еуропа театрлары ғана емес, Шығыс елдерінде де, оның ішінде мұсылман елдерінде де қойылып жүр. Бірақ, оқиға орнын, адамдардың аты-жөндерін жергілікті менталитетке сай өзгертеді. Мысалы, Отелло Абдулла бола салады. Әйтпесе, оны жергілікті көрерменнің қабылдауы қиын. Бұл – шығарманы халыққа жақындатудың бір тәсілі.
Сұхбаттасқан Рысбек ҮРКІМБАЙ
(Толық нұсқасын "АҢЫЗ АДАМ" журналының №8 санынан оқи аласыздар)
Популярное
Последние записи
Алсу, татар әншісі: ТАТАР ҚЫЗЫ ЕКЕНІМДІ МАҚТАН ТҰТАТАМЫН. ("Жұлдыздар отбасы" жу...
Әнші сәкен майғазиев (жұлдыздар отбасы журналының №20 санында)
Динара дайирова: "оралман фильмінде мылқау қыздың рөлінде ойнау оңай болған жоқ"...
Әнші гүлмира сарина (жұлдыздар отбасы, №20)
Журналист, қоғам қайраткері жанболат мамай (жұлдыздар отбасы №20)
ҚҰРМЕТТІ, ОҚЫРМАН! Құрметті, оқырман! Қазір 2018 жылға баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. "Жұлды...
Ол Астанадағы Еуразия Ұлттық университетін тәмамдады. Әнші философия ғылымдарының магистрі атағын алды
Шара 23-24 маусым аралығында Creative Energy Area павильонында өтетін болады
Продюсер, актриса әрі тележүргізуші кітап арқылы өміріндегі қиындықтар туралы, тағдырының тармағында...
Аргентина құрамасының даңқты футболшысы Диего Марадона РФ президенті В. Путинмен сөйлесіп тұратынын...