Банды Куныскерей

Тарих әлемі
24.10.2015 в 05:24
Банды Куныскерей

Көзінің тірісінде-ақ аңызға айналып, елдің аузына іліккен тұлғалар көп қазақта. Солардың бірі – Құныскерей Қожахметов. Өзімен тағдырлас Нарынның Аманғалиы, «байлардан таңдап ат алатын» Ерғали Аязбайұлы, қызылдармен атысып, жастығын алып өлетін маңғыстаулық Тоқабай Құрмаш секілді «банды» атанған Құныскерей. Қазақстанның батыс өлкесіне атағы мен дақпырты түгел тараған, ақылы мен айласы арқасында кешегі КСРО секілді алып мемлекеттің тұзағына түспей, Сібірден секіріп, түркімен жерінде тыным тапқан тұлғаның аңызы мен ақиқатын, соның ішінде көпшілікке беймәлім өмірінің соңғы кезеңі туралы мақаланы ұсынамыз.

Құныскерей туралы тынымсыз ізденіп, бірнеше кітап жазған өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыздың айтуынша, Құныскерей Қожахметұлы 1895 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы-ның Тайсойған құмында, Нөсер қыстағына жақын орналасқан Кеңқоқты, Тарқоқты деген екі көлдің ортасындағы жазықта өмірге келген. Әкесі – Қожахмет Жанбасарұлы. Руы – Кіші жүз, Байұлының ысығы, оның ішінде – Тоғызбай. Тоғызбайдың Назар, Базар, Есназар, Сағын, Түкі деген бес ұлын Қызылқоға бетінде «Бес Тоғызбай Ысық» деп атайды. Құныскерей Тоғызбайдың Сағынынан тарайды. Сағыннан Көпен. Көпеннен Жанбасар, Малбасар туады. Жанбасардан Қожахмет, Малбасар-дан Сәлімгерей, Орынбай деген екі бала болған.

Қожахметтің Құныскерей және Жәрдем деген екі ұлы, бір қызы болған. Құныскерейдің алғашқы әйе-лі – Әсем Досқалиқызы. Құныскерейдің 1922 жылы туған Айтжан, 1925 жылы туған Айтмұхан, одан кейін Есен және Болат деген төрт ұлы бо-лыпты. Бірақ соңғы екеуі Құныскерей қуғындалып, елден кеткенде балалар үйіне алынып, кейіннен аурудан жастай қайтыс болған.

Құныскерей қалай «банды» атан-ды? Бұл жөнінде Қайыржан ағамыз «Батыстың «бандылары» атты еңбегінде ел аузында жүрген аңыз әңгіменің бес нұсқасын келтіреді. Бұлардан түйетініміз – Құныскерей туғаннан қаны бұзық, басбұзар болмаған. Қарапайым шаруа, қайратты батыр, елге беделді азамат Кеңес үкіметі құрылып жатқанда Көздіқара ауылдық Советінің төрағасы болып сайланған. Сол қызметінде жүргенде үйіне қонақ келеді. Бір әңгімеде бұл банды Аманғали, екінші нұсқада Ерғали Аязбаев делінеді. «Өзінің құрдасы, қуғында жүрген бай баласы екен» дегенді де естігенбіз. Сонымен, Құныскерей үйге келген мейманын құрметтеп, дастарқан жаяды. Сол кезде шолақ белсенді милициялар үй үстіне келіп қоқаңдап, «жауды ұстап бер, біз тұтқындаймыз!» деп әлек салады. Құныскерей болса, қазақы дәстүрмен әдеп сақтап: «Бұл кісі – қазір менің қонағым. Біздің үйден кеткен соң ұстарсыңдар!» дейді. «Бандыны қорғап тұрған сен де бандымысың?» деген ұрдажық милицияның бірі Құныскерейге мылтық кезейді. Сол кезде намысты әрі мерген Құныскерей шолақ белсендіні наганымен жайратып салады. Оның аяқ астынан ауылнайдан «бандыға» айналған хикаясы осы екен.

Құныскерей қуғынға түскен соң оның отбасы мен ағайындарының басына да қара бұлт үйірілген. Милициялар Құныскерейдің үйін қоршап, от қойып, қою түтіннің арасынан қашып шыққан әкесі Қожахметті атып өлтіреді. Құныскерейдің әйелі Әсем Досқалиқызын (1906 жылы туған) Гурьев түрмесіне қамайды. Кейін «халық жауының әйелі» ретінде соттап, Ресейдің Саратов облысына үш жылға жер аударады. Айтжан, Есен, Болат деген балаларын Жаманқаладағы (қазіргі Атырау облысындағы Махамбет ауылы) балалар үйіне тапсырады. Есен мен Болат осы жерде қайтыс болған. Құныскерейдің Айтмұқан атты ұлы Сәлімгерей деген туысын паналап, соның тәрбиесінде болады.

Айтмұқан 1935 жылы Ойыл мектебінде оқып, оның жеті сыныбын 1941 жылы бітірген. Бандының ұрпағы деп кездескен қиыншылыққа мойымай, Жем бойындағы жаңадан ашылған кен алаңында, Құлсары мұнай айдау мекемесінде жұмысшы, Қызылқоға ауданының Абай атындағы кеңшарында шофер, 1972 жылдан Индербордағы жол жөндеу мекемесінде краншымашинист болып жұмыс жасап, 1988 жылы құрметті еңбек демалысына шығыпты. Шешесі Әсемді көп жыл сұрастыра жүріп, 1964 жылы ғана тауып, өз қолына алады. Әсем әжей 1988 жылы баласының қолында 82 жасында қайтыс болған. Құлпытасында «Құныскерей зайыбы, Досқалиқызы Әсем. Тас қоюшы баласы Айтмұхан» деп жазыпты. Айтмұханбет ағамыздың өзі 2006 жылы қыркүйек айында 81 жасында Индерде қайтыс болып, анасы жатқан зиратқа жерленді. Айтмұханның артында жеті ұл-қызы қалды. Берік пен Серік атты балаларының тегін Құныскереев деп жаздырған.

Құныскерейдің балалар үйінде өскен ұлы Айтжанның тағдыры да шым-шытырық қиындыққа толы болды. «Балалар үйінде ер балалар қарға аулап, жұмыртқасын жейтінбіз. Балалар көп өлетін. Ол жылдары тышқан да аз. Тышқан ұстап, отқа үйтіп, соның етін қылдай бөліп жейтінбіз» деп еске алады екен Айтжан. 1938 жылы 16 жасында Айтжанды Гурьевтегі ФЗУ-ға оқуға жібереді. Кейін мұнай бұрғылау жұмысына кетеді. Оны тастап, ұсақ ұрлықпен айналысып жүргенде түрмеге түседі. Түрмеде отырған жерінен 1941-1942 жылдары соғысқа алып кеткен. 1942 жылы Сталинград шайқасында дивизия түгелдей қоршауда қалып, фашистер қолына түсіп, тұтқын болады. Айтжанды «Кеңес үкіметіне қарсы шыққан «халық жауының» баласы деп Түркістан легионына қосады. Легионмен Африкада, Суэц каналында, Қызыл теңіз жағасында, Италияда, Баср қаласында болады. 1944 жылы Африканы Америка солдаттары басып алып, тұтқындар америкалық концлагерьге орналасады. Америкалықтар советтік тұтқындарды Америка әскеріне қызмет етуге шақырып, КСРО үкіметіне қарсы үгіт жұмыстарын жүргізеді. Келіспегендерін 1945 жылы тамыз айында пароммен КСРО-ға алып келді.

«Ел дегенім – Әзірбайжанның Баку қаласы екен. Паромнан түскен бойда порттан овчарка итпен НКВД-ның адамдары қарсылап, бізді қайтадан тұтқынға алды. Тұтқында жаппай тексеруден өткізді. «Совет өкіметіне қарсы соғысқа қатыспаған» деп шешім шығарып, мені тұтқыннан бо-сатты. Мәскеу қаласын қалпына келтіру жұмысына жіберді. Ауыр да қиын қара жұмыста жүргенде көкжөтел ауруымен ауырдым. Дәрігерлік комиссия «жұмысқа жарамсыз» деп босатып, елге жіберді. Жадап-жүдеп елге келгесін Айтмұхан інімді, анамды тауып алдым. Олар мені ешкінің сүтімен, қойдың етімен азықтандырып, қалпыма келіп, біраз түзеліп қалып едім. Бір күні НКВД адамдары тағы келіп, қайтадан қамауға алып, соттап, Қостанай облысы Жітіқара қаласына 6 жылға жер аударды. Жітіқара қаласында «Жітіқаразолото» шахтасында жұмыс жасадым» - деп еске алады екен Айтжан ағамыз.

Айтжан Құныскерейұлы осы Жітіқарада Мінәура деген қызға үйленген. Одан Қадырбай, Сара, Сағира, Қайыржан, Қажымұқан, Майра, Аманкелді, Роза, Айман деген 5 қыз, 4 ұл көріп, 2006 жылы сәуір айының 24-күні қайтыс болған.

Құныскерейдің әуелі Тайсойған мен Бүйректе, Тайпақ пен Қаратөбе өңірінде жасырынып жүріп, кейін Башқұрт жеріне ойысып кеткендігін артында қалған ағайын-жұрты еміс-еміс әңгімеден білетін. Бірақ батырдың кейінгі тағдыры көпшілікке жұмбақ болып қалған еді. Төменде беріліп отырған маңғыстаулық өлкетанушы Әбілқайыр Спан ағамыздың әңгімесі осы ақтаңдақтың орнын толтырғандай.
Популярное