Айдос Сарым: Ономастика мәселесінде большевиктерден үлгі алу керек

Тарих әлемі
29.02.2016 в 06:19
Айдос Сарым: Ономастика мәселесінде большевиктерден үлгі алу керек

Тәжікстан түрік тіліндегі атауларды жаппай парсыландырып жатыр. Аталған мемлекет бұған дейін орыс және араб тіліндегі жер су аттарын ауыстырған болатын. Сондай-ақ Украинада болшевиктік атауларынан бас тартып, ұлттық құндылықтарына мән беруде.
Тәжікстан мен Украинада жасалып жатқан оң істер Қазақ елінде жалғасса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені еліміздің кейбір ірі қалаларынан бастап шағын ауылдарына дейін орыс атауларымен аталады. Бұл әрине Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қарсы алғалы отырған мемлекет үшін сын болса керек. Әйтсе де белгілі саясаттанушы Айдос Сарым дәл қазіргі гео-саяси жағдайда бұл мәселені бірден шешіп тастау мүмкін емес деген пікірде. Оның айтуынша ономастика мәселесі адамның санасына әсер ететін саяси, мәдени құбылыс болып саналады.

– Кезінде Израильде «Бұл жерде арабтардың жер-су аттары сақталып қалған. Бұл мәселені қалай шешеміз?» деген пікірталас болған. Сонда ел басшылары «Біз арабтардың бірде бір атауын қалдыра алмаймыз. Өйткені бір атаудың өзі арабтардың бізге деген рухани үстемдігін паш етеді» деген екен. Сондықтан да біз большевкиктік бағытта қойылған атаулардан жаппай бас тартуымыз керек. Солтүстікті айтпағанда Оңтүстік өңірде орналасқан Алматы қаласынан бүкіл КСРО-ның картасын көресің. Өкінішке қарай, біз ономастикаға қатысты маратариді дұрыс пайдалана алмадық, – дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушы Ел Үкіметі ономастика мәселесінде болшевиктерден үлгі алуы керек деп есептейді. Мәселен кезінде КСРО-ның кез келген қаласында Ленин, Маркс, Энгелс, Коммунис көшесі болатын.

– Ономастика коммисиясы қазаққа еңбегі сіңген 400-500 азаматтың тізімін жасауы керек. Аталған тізімге Атилладан бастап осы кезеңге дейінгі тұлғалардың есімі кіруі тиіс. Міне сол тізім бойынша бірінші категориядағы азаматтардың есімі қаланың ең басты көшесіне берілуі керек. Өйткені кейбір аймақтарда жершілдік пен рушылдыққа салынып кетіп жатанымыз жасырын емес.. Ал елге нағыз еңбегі сіңген азаматтардың есімі адам баруға ұялатын көшеге берілген – дейді саясаттанушы.

Ономастика мәселесі көтерілген кезде Петропавл мен Павлодардың тарихи атауын қайтару туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі Тәуелсіздік алғалы бері бұл мәселе назардан тыс қалған емес және қалмайды да. Алайда бұл мәселені түпкілікті шешу әзірге мүмкін болмай тұр.

ЕСКЕРТУ: Суреттегі қалалардың аттары - тек қана ұсыныс атаулар. Ресми нұсқалар емес!

alashinform.kz