Қорқыныш Қамалы | Бір миллион қызық оқиға ♕
29.02.2016 в 04:01

Бала кезімізде, жаздың үш ай демалысында тоғайға ба­рып, күн батқанша шомылатын едік. Анамнан қанша...

Бала кезімізде, жаздың үш ай демалысында тоғайға ба­рып, күн батқанша шомылатын едік. Анамнан қанша та­яқ жесем де, мен шомылуды қоя алмадым. Өйткені ба­ланың көңілі далада емес пе? Өзге балаларға қосылған­ соң үйде қамалып отыру мүмкін емес еді.

Бірде ауылға бір бақсы келді. Әлгі бақсы ауылдағы ау­ру-сырқауларды емдеп, еліне кеткеннен кейін өзім сияқ­ты балаларды жиып алып мен де бақсы болып ойнадым.­ Қолыма бір таяқты аламын да, қобыздың әуеніне саламын. Сөйтіп қарағайды жағып қойып, оның үстінен ары-бе­рі аттап өтіп, қаппақ шоқты уыстап алып езетін дәреже­ге жеттім.

Бір күні мынадай жағдай болды. Көршімнің 9 жа­сар баласы көлге шомыламын деп батып кетті. Мен үйге қайтуға ыңғайланып жатқан едім, дереу үстімдегі ки­імдерімді шештім де көлге күмп бердім. Көл тереңдеу бо­латын. Әлгіні көлден әрең жағаға шығарып, оған дем бер­дім. Сосын өзімнің бақсылық әрекетіме көштім. Әлгі ба­ла менің бақсылық жасауымнан кейін дем алып, көзін ашты.

Сол күні түнде ұйықтап жатыр едім, бөлме іші бірден жарқырап, ұйқымды шайдай ашты. Қарасам, бөлмеге қы­зылды-жасылды киінген жиырма әйел кіріп келді. Ылғи сықылықтаған әдемі әйелдер. Олар төсекте жатқан мені саусақтарымен шошайтып көрсетіп: «Мынау ма, мынау ма?» – деп жан-жағымнан келемеждеп қоршай бастады. Өзімнің ояу екенімді біліп жатырмын. Бірақ қозғалайын десем аяқ-қолым сіресіп қалған, тлімді тістеп алғандаймын, сөйлейін десем тілім икемге келмейді. Бір уақытта арт жағымнан қартаң келген бір сары әйел келіп: «Осы бала ма?», – деп сұрады қасындағылардан. Олар: «Осы бала» – деп шу ете қалды. Әлгі әйел болса: «Әй, тым жас бала екен. Қоятын шығар, тимеңдер!» – деп әлгілерді үйден шығарып алып кетті.

Олар кете салысымен-ақ денемнен суық тер бұрқ ете түсті. Дел-сал болып жатырмын. Өңім бе, түсім бе, сол жатқан күйі талықсып қайтадан ұйықтап кетіппін.

Содан ертеңінде ауылға келген бір бақсы кісіге барып,­ түнде болған оқиғаны түгел айтып бердім. Ол: «Ә балам, бұл – жындар. Олар ауру-сырқаудан, өлімнен аман алып қалған бақсылардың соңынан қалмайды. Жын­дар тек бой­ында ерекше қасиеті бар адамдарға ғана кө­рінеді. Сен бойындағы ерекше қасиетіңді дамытып, ары қарай алып кетсең, жақсы боп шығасың. Сен өзің бақсы-тәуіп болғың келе ме? Егер маған ерсең, мен сені үлкен бақсы­ қылып жіберемін. Ол үшін үйде қамалмай, бәрін тастап, менімен жүресің», – деді. Мен бақсының мына сөзін естіп: «Ойбай, ешқандай бақсы болмаймын. Мен әлі жаспын, мектепте оқимын. Маған бақсы болуға болмайды», – деп шошып кеттім. Әлгі бақсы күліп: «Ә, олай болса сен өзіңше бақсы болып ойнауыңды қой. Мен жоқта бақсы болып ойнайды екенсін ғой? Бұлай істеймін деп жүріп бір күні мерт боп кетесің, әйтпесе мү­гедек болып қаласың. Сондықтан жынмен ойнауға бол­майды. Олар аса қауіпті, әрі бақсылық қиындығы көп қатерлі жол», – деп маған ақ батасын берді.

Содан бастап бақсы болып ойнамайтын болдым. Бірақ әлі күнге дейін көлге батқан көршімнің баласын өлімнен құтқарып қалғаныма ризамын.
Популярное