Ләйлә Сұлтанқызы: Іштегіні өлтіргім келмейді...

Ақыл қалта
10.11.2016 в 01:16
Ләйлә Сұлтанқызы: Іштегіні өлтіргім келмейді...

Көмескі тағдыр, көлеңкелі өмір... Кейде адам жаны күресуден де шаршайды. Айтпағым ол емес... Түрлі тағдырдың куәсі болып келемін. Өмірде де, эфирде де. Мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын ғой... Жаным ашиды.

Біз өмірдің өзін өзімізге ыңғайлап алғымыз келеді. Болмай бара жатса, тағдырмен де тайталасудан тартынбаймыз. Амал қанша қолымыздан келе бермейді. Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Біреу қысты суығына бола кінәлайды, жек көреді. Қалың киімді көтеріп жүруді көпсінеді. Жақында маған бір хат келді (келетін хаттар көп...). Еш өзгертусіз жариялайын: «Ләйлә апай, сәлеметсіз бе?! Мен екі баланың анасымын. Астанада тұрамын. Қызым бірінші сыныпта оқиды. Өте сезімтал. Бізде күздің аяқ киімі болмай қалғанда, бір кісіден баласының қысқарған аяқ киімін 1000 теңгеге сатып алып бердік. Сонда қызымның: «Мама, осыны шешпеймін. Енді аяғым тоңбайды» деп қуанғаны әлі есімде....» Хаттың соңғы жағын жазбай-ақ қояйын. Айтпағым, «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген ғой... Бұл адамдарға қыстың келгені кәдімгідей мұң. Бірінші топ қалың киініп, қорбаңдап жүруді мұң көрсе, бұл жандарға тоңбай жүру арман...

Іштегіні өлтіргім келмейді... Үмітті айтам... Неге дейсіз бе?! Жақында бір бүлдіршінмен таныстым. Жасы небәрі тоғызда. Үш айлық қана өмірі қалған екен... Ата-анасы бәйек болып, қызының бар арманын орындауға асығып жүр... Бала армандарының бірі – «Балапанға» шығу екен. Тікелей эфирге қонақ ретінде шақырдық. Біраз дайындалыпты... Бала ғой қатты қобалжығаннан жүрегіндегі құрылғы тоқтап қалыпты. Эфирге 1 сағат қалды дегенде телефонның арғы бетінен бар күшін жинаған әкенің дауысы естілді... «Қызым комада...біз келе алмайтын болдық, кешіріңіз...». Жауапсыз қалған әңгіме... Ештеңе дей алмадым, шамам да келмеді. Келесі күні қайта хабарласқан едім. Ешкім жауап бермеді... өмірінің бәрі алда... Періште тағдыр үзілмесе екен... Жо-оқ, үзілген жоқ. Іштегіні өлтіргім келмейді. Үмітімді үзгім келмейді. Құрылғыға тәуелді етіп қойған құрғыр жүрек әлі де соқса екен. Тіршілік үшін күрессе деймін...

Ең ауыры – ол өзінің жалған өмірдегі тіршілігінің шектеулі екенін сезеді. Журналистерге «мен сізге бір құпия айтайыншы, бірақ оны мамам мен папам білмей-ақ қойсыншы... Менің кеудемде жүрек жоқ. Мен жүрексіз өмір сүріп жатырмын. Жақында мен жақсы жаққа кетемін...» депті. Жүрегі бар жұмыр басты пенденің өзі мұндай таза, мұндай бақытты емес болар... Сіздің кеудеңізде 24 сағат үздіксіз соғып тұрған жүрегіңіз бар. Бірақ бақытты болуға сонда да бірнәрсе кедергі. Неге?! Жүректі болғаннан, жақсы, қоғамға демей-ақ қояйын, өзіңізге, ортаңызға қаншалықты пайдалысыз...

«Балапан» арнасына шығам деп күз туралы тақпақ жаттапты...Күз тағдыры кішкентай қыз тағдырына ұқсап тұр ғой...Сабағынан үзілердей болған жапырақ...Кішкентай ғана таза әрі бейкүнә жапырақ....Әке-шешесінен өмірінің аз қалғанын жасырады екен..Бала ғой. Оларға көзіндегі қорқынышын көрсеткісі келмейді. Қазір кішкентай періштенің тағдыры әлемдік донор банкіне тәуелді, әрине, әуелі Аллаға! Қазақстан бұл жүйеде үшінші орындағы ел екен. Ол дегеніңіз Еуропа, Америка елдерінен артылды, «артық жүрек кімге керек?!» деген жағдайда ғана қолжетімді... Қазір аурухананың төсегіне таңылып, әлсін-әлсін дем алуда...Қоштасатын сәтін не қайта өмірге келер шағын тосуда... Ал кеудеде бұйрықты орындар темір құрылғы ғана....

Осындай тағдырлардан кейін сіздің жұмыстан шаршағаныңыз немесе төленбеген кредитіңіз, болмаса отбасындағы ұсақ-түйек кикілжің қаншалықты сізді күйретпек?! Жерге жаншып тастай ма?! Өмірден түңілте ме?! Ендеше сіз әлсізсіз! Аурухананың темір төсегінде тіршілік үшін күресіп жатқан 9 жасар қыздан да әлсізсіз!

Үміт – жаңаның бастауы, үзілгеннің – жалғасы. Ол барда бір ғажайып болатындай. Періште тағдырдың әлі де жалғасарына қатты сенгім келеді... Біреулер айфонының жаңарғанын аңсайды, ал біреу баласының амандығын аңсайды. Ал сіз нені аңсап жүрсіз?!


Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Ақыл қалта

Популярное