Everything.kz

Ел шетін сақтаған тау тұлға (жалғасы пікір ретінде жазылған)

Ел шетін сақтаған тау тұлға (жалғасы пікір ретінде жазылған)
Ел шетін сақтаған тау тұлға (жалғасы пікір ретінде жазылған) #soviet@history_qaz Жаратушы Аллаһу Тағала әлемді, адамды жаратқан соң , сол адамдарға арнайы мекендер берді. Сол мекенде әртүрлі тіл, мінез құлықты, ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырды. Мекендерін өзара қорғасты. Менің елім, жерім деп, бір-бірінен қорғаштап, шекара тоқтасты. Ел жетіне жау келгенде, шекараны қорғайтын батырлар, елді бастайтын ақылгөй даналарды жаратты. Ел мен жерді күштілер соғыспен, күшпен, әр түрлі айламен басып алып жатты. Сондай тағдыр қазақ ұлысының мойнына да мінді. Жарты әлемді билеген Шыңғысхан, одан қалды Алтын орда, қазақ хандығы ыдырап, ел басына күн туды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Абылай заманы өтіп, Ресей қазақты бодандыққа алды. Соңы қызыл империяның жасанды қырғыны қазақтарды өз елінде үнін шықпастай тұншықтырып тастады. Бірінші, қазақтың қаймағы ардақты тұлғаларын, екінші, көшпенділердің малын құртты. Үшінші, қазақ жерін бөлшектеп, қазақты жер бетінен жоюды қызыл коммунистер, орыс шовинистері алдына берік мақсат қылды. Бұл өткен ғасырдың, ортасынан кейін тым үдеп, қазақ жерін бөлшектеу саясаты ымырасыз жүргізілді. Әсіресе, бас жүгеріші атанған Н. Хрущевтің қазақ жерін бөлшектеу саясатына арыстандай айбат, жолбарыстай қайрат танытып қарсы тұрған қазақтың арда ұлдарының бірі және бірегейі — Жұмабек Ахметұлы Тәшенов болатын. Бірінші Аллаһ, екінші Ж. Тәшеновтың арқасында солтүстік облыстар орыс жері болудан аман қалғаны ақиқат… Алаштың ұлы тұлғаларының бірі , қоғам, мемлекет қайраткері Жұмабек Ақметұлы Тәшеновтің 100 жылдығына орай, Көкшелік жерлестері Қ. Мұқатаев, Ш. Тоқмурзин, Б. Көшімбаев, С. Абдрахмановалар дәйекті мақала жазып, ескерткіш қоюға бастама көтеріп жүр. Оған себеп те бар. Ж.Тәшеновтың елге, әсіресе ел шетін аман сақтап қалуда сіңірген еңбегі орасан зор. Жерлестерімнің игі бастамасын қолдап Ж.Тәшеновтың ерен ерлігі мен еліне сіңірген еңбегінің бір парасын ел есіне салуды жөн көрдім … Ардақты жерлесін ұлықтауға ат салысып Ж. Тәшеновтың атына көше беруге ұсыныс жасап, игі істі жүзеге асырғандар да баршылық. Соның, бірі дербес зейнеткер Болат Көшімбаев деген ағамыз екен. Ол Ж.Тәшенов жайлы сонау 2008 жылы орталық «Новое поколение» газетіне «Человек эпохи» атты мақала беріп, еңбегін ұлықтапты. Болат ағамыз Жүкеңнің еңбегін ұлықтаумен қатар Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласынан көше атын бергіздіртеді. Көше атын бергізу оңайға соқпаса керек. Айтысып, тартысып жүріп Болат аға, атақты ұшқыш В.П.Чкаловтың атындағы көшені «Ж.Тәшенов» көшесі деп ауыстыртыпты. Байқап отырсаң Болат Көшімбаев ағанын да атқарған ісі ерлікке пара пар. Еліміз қанша тәуелсіз десек те, Ресейге тәуелділіктен арыла алмай отырмыз. Солтүстікте бір орыс отырса он қазақ жапырылып орысша сөйлейміз.Үш қазақтың бірі ана тілінде сөйлей алмайды.В.П. Чкалов көшесін Ж.Тәшенов көшесіне ауыстыруға орыстарға қосылып, қарсы болған қандастар да болыпты. Орыс ұлтының өкілдері біразға дейін жергілікті баспасөз арқылы Б.Көшімбаевтың құлағын шулатса керек. Бірақ, ақиқатты түсінетін адамдар да бар екені, қуантқанын Б. Көшімбаев жергілікті «Бұқпа» газетіне жазған «Дәуір адамы» мақаласында атап өтіпті. Мақаласында бұрындары аудандық әкімдіктерде қызмет еткен И.В.Кислина: — У Булата Ахметовича такая гражданская позиция, что он смог противостоять председателю Совмина СССР Рыжкову Н.И. поповоду земли в с. Володаровка для стройтельства фабрики биологические оружия. Этим — он спас не только, Северный Казахстан, но и огромную рприлегающую територию от болезни и бедствия деген» сөзін әдейі келтіріпті. Б. Көшімбаев жоғарғы мақаласында көше аты қандай тартыспен берілгені жайлы жаза келе, Ж. Тәшеновқа ескерткіш орнатуды ұсыныс еткен. Ұсыныс етіп қоймай, оны ел, мемлекет алдына қойып, жүзеге асыратын адамда сайлағанын жазыпты. Бұл өте құптарылы іс. Жұмабек Ахметұлы Тәшенов бұрынғы Целиноград облысы Вишнев (Қәзіргі Ақмола облыс Аршалы) ауданына қарасты Бабатаң қыстағында 1915 жылдың 20 наурызында дүниеге келген. Ол 1932 жылы Ақмоладағы құрылыс техникумын, 1955 жылы КОКП ОК жанындағы жоғарғы партия мектебін бітіріп, 1962 жылы экономика ғылымдарының кандитаты атағын қорғаған. 1932 жылдан соң аудан, облыс денгейінде лауазымды қызметтер атқара жүріп, 1952 жылы Ақтөбе облыстық партияның бірінші хатшысына сайланады. 1955 жылы 40 жасында Қазақ ССР – ның Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960 жылы 45 жасында Қаз ҚСР министрлер кеңесінің төрағасы болады. 1961-1975 жылдары Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. «Ленин», «Еңбек қызылту», «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Ж. Тәшенев 1986 жылы 18 қарашада Шымкент шаһарында дүниеден озыпты. Кеңес Одағының бірінші қожайыны Н. Хрущев Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосуға ынта танытқанда Ж. Тәшеновтың арыстандай ақырып қарсы тұрып, тоқтатқанының өзі , бір басына ескерткіш тұрғызуға жетерлік ерлік. Н.Хрущевтың бұл ұсынысына республиканың бірінші басшысы Д. Қонаевтің өзі үнсіз қалады. Ал, Жұмекең үзілді кесілді қарсы тұрған. Бұл әрине Н.Хрущевке, оның ықпалындағы адамдарға жақпағаны рас. Сөйтіп, отанын бөлшектеуде кеудесін тосып, ақыл парасатымен, артында тарих қалдырған қайран Жұмекең қызметінен төмендеп Шымкент облысының атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына қуылады. Ж.Ахметұлы орынбасар қызметін, өзінен жоғарғы басшылардан артық атқарған. Халық құрметіне бөленген. Дін — апиын деп, безіп жүрген заманда Жұмекең Түркістандағы Қожа Ахмет Яассауи кесенесіндегі топырақ астында жатқан шығыс моншасын қалпына келтіреді. Бұл ұлтының салтын, дінін құрмет тұтуды ұмытпағанының кепілі. Ж. Тәшеновтың іскерлігін өз ұлтымыз мойындамаса да, өзінен жоғары тұрған Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындаған екен. Бұл сәл кейін. Жүкең респубика басқарып тұрғанда ел экономикасы қарыштап дамыған. Бірер мысал. Егіс көлемі 6 млн. гектардан 22 млн гектарға, мал басы 34 млнға өскен. Әлеуметтік сала жақсарады. Бес жылдық межеде 690 мың пәтер салынып , 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғы 25 музей, 19 облыста театр халыққа қызмет етіп тұрған. Бұның көбі Ж. Тәшеновтың еңбегінің жемісі десе болады. Ж. Ташеновтың тарыққандар мен таланттарға қамқорлығы республикадан асып, кеңес шеңберіне жеткен. Ж.Ташенов КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының қызметін де уақытша атқарып тұрыпты. Себебі, Кеңес одағы құрамындағы республикалардың жоғарғы кеңес төрағалары, одақ төрағасының орынбасарлары санатында болған. Мәскеудегі бүкіл одақтың төрағасы еңбек демалысына шыққанда, республикадағылар барып, уақытша қызметін атқарады екен. Сондай бір кезде Жүкеңнің өмірінде алтын әріппен жазылатындай оқиға болыпты. Осындай Жоғарғы кеңес төрағасы қызметін атқару кезінде белгілі украин ғалымы істі болып, ісі қаралады. Ғалымға өз қызметкерін өлтірді деген айып тағылып өлім жазасына кесілген үкім шығады. Үкімге Ж.Тәшенов қол қоюға тиіс болады. Жүкеңнің ойына қыршын кеткен қазақ боздақтары, өз ағалары Алаш тұлғаларының жазықсыз құрбан болғаны түсті ме кім білсін, үкімге қол қоймайды. Ауызда мейрім айтылғанымен, істе жауыздық жайлап жатқан жүйенің қыр сырын жақсы білетін Жүкең, ол адамды көрмесе де жазықсыз екенін сезіп, түрмеге барып қарт ғалыммен кездеседі. Кінәсіз екенін біліп, істі қайта тергетеді. Әрине, кеңестік жүйе, жоғарғыға табынған заман, кеңес қызметкерлері төраға К.Е.Ворашиловтың өзі келіскен деп, қарсылық танытқанда, тыйып тастайды. Қазақ «баран» атанған Советтік заманда, аюдай ақырып отырған, лауазымды шовинистерді мысымен де, ісімен де, білім, білігімен, адал, әділдігі, адамгершілігімен, қазаққа біткен қайсар мінезімен басып тастағанына қалай айызың қанбайды?! Сол ғалым, ақталып шығады. Өлтірген адам, кейін анықталып, жазасын алады. Бұл істе Ж. Тәшеновтен басқа болса, істің жайы тек Аллаға мәлім қалар ма еді… Кім білсін. Тарығып жүрген М.Жұмабаевтың жұбайы Зылиқаға Қызылжар қаласынан пәтер алып берген Жұмабек Тәшеновтың ісі жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған, асылын ардақтаған ұлттық болмыс көрінісі еді. Алматыға Абай ескерткішін орнатып, осы ескерткіштен бастау алатын даңғыл орнатқанда Жүкең болатын. ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы зұлматтың құрбандарын ақтайтын комиссияны басқарған кезінде, қазақтың белгілі ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерін абақтыдан босатқызды. Олардың ішінде атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, сыншы ғалымдар Есмағанбет Смаилов, Мұхамеджан Қаратаев, Сейділ Телжанов, қаламгерлер Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин және осы топтың ішінде орыс халқының жазушылары Галина Серебрякова, Александр Солженицын де болыпты. Ж. Тәшенов қазақ тілі шеттетіліп «Қазақ әдебиеті» газеті жабылғалы тұрғанда бірінші хатшы И. Яковлевпен айқасқа түсіп, газетті жабылудан аман сақтап қалады. Жүкең белгілі жазушылар С. Мұқановпен Ғ. Мүсіреповтың өтініші бойынша, қазақтың хас батыры Б.Момышұлына «Кеңес одағының батыры» атағын бергізуге де ат салысады. Өкініштісі уақыт тапшы орындай алмайды. Мәскеуге барғанда батырдың құжаттарымен танысады. Екінші ұсыныста маршал И.С. Конаевтың, Бауыржанның соғыс кезіндегі кей қылықтары кеңес офицерлерінің ар –ожданына қайшы келгендіктен, батыр атағын беруге болмайды деген, қортындысын көреді. Жүкең И.С. Конаевты шақыртып алып пікірін сұрайды. Бірақ, И.С. Конеав та тегін адам емесі белгілі. Мен бір рет айтқан пікірімді, қайта өзгерткен жан емеспін, бұл пікірде өзгермейді деп, көнбеген екен. Ж.Тәшеновтың шарапаты Е. Әуелбеков, С.Имашеев, Б.Әшімов, С. Құсайынов сияқты ел басқарған белгілі адамдарға тигенін айтылады. Жұмекең 1951 жылы Ақтөбеде бірінші хатшы болып тұрғанда Саттар Нұрмашұлы Имашев обкомның лекторлор тобының жетекшісі екен. Ол Алматыға жоғарғы партия мектебінің аспирантураға кетерде, «заман сендердікі, жассыңдар оқыңдар. Әлі ақ біздің орнымызды басасыңдар. Елмен жердің қамын ойлатын азамат бол» деп, батасын беріп шығарып салады. Бұл Ж. Ташеновтің қазақи бауырмал, көңілінің ақтығы және еліне қорған болатын азаматтарды тани білуі десе, жарасады. Шындығығынан сұмдығы басым қоғамда талай рет нар тәуекелге барып, өз тағдырын құрбан етіп, ұлты алдындағы парызын адал өтеген, Ж. Ташенов ұлтының ұлы, халқының панасы болып, елінің бағы мен бақыты, қуанышы, шаттығы үшін күрескенінің жемісін, бүгінгі күні тәуелсіз еліміз толық көріп отыр десе, артық емес. Кезінде қазақтың классик жазушысы Ғ.Мүсірепов Жүкеңе арнап: — «Біз ЦК емеспіз, біреуді- бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық кісіге мақтағанда өз жүрегінен орын береді. Менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім, еркек інім Жұмабектің қадамы құтты болсын»- деген, жүрекжарды лебізі, бүгінде мәнін жоғалтпай, кешегіден де асқақтап тұр. Тере берсе мысал көп. Сөзді қысқартып, ұлы тұлғаның атқарған игі істері әлі де дәйекті болуы үшін Ж.Тәшенов жайында Кәрішал Асан Атаның жазған «Шынжырда өскен жолбарыс» кітабынан үзінділер келтіруді жөн санадым. Бұл еңбек өте нақты, тартымды жазылған еңбек деп, ел ағалары бағалап жүр. Шынжырда өткен жолбарыс, артындағы халқынан мың алғыс…. Кәрішал Асан Ата жазбасынан. Қысқартылып өңделді. Жоғарда атап өткен Шымкент облысының бірінші хатшысы В.А. Ливенцов, бірде Ж. Тәшеновты шақыртып алып, реніш білдіреді. — Скажите пожалуиста, Жумабек Ахметович, почему все посетители идут к вам, а не обком?!- деп , наразылық танытады. Жүкең тайсалмай: — Я их не приглашаю к себе. Люди сами приходят. Наверное, они не хотят бюрократических волокит. Потому что они идут туда, где конкретно решаются их вопросы, — деп, алып жайлап. – Видимо, работникам Обкома нада будет совершенствовать свою деловитость и дееспособность?! – десе керек. Сол В.А. Ливенцовтың Жүкеңді мойындағанын қысқаша жоғарыда жазғанбыз. Енді соны сәл тарқатайын. В.А. Ливенцовта ер екен. Ол 1964 жылы желтоқсанда КПСС ОК — нің хатшысы Титовтың көзінше Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы мәжілісінде айтқанын Асан Ата былай келтіріпті. — Как известно, Хрущев самовольно сняв предсовмина Казахстана Ж.А. Ташенова присал его к нам зам. Предом облисполкома, дабы по издеватья над строптивостью опального премьере. Однока, товарищ Ташенов благодаря свойм незаурядным способностям и честности стал ныне самым уважаемым человека на юге Казахстана?». ( Президент архиві. Қазақстан КП ОК – нің 1964 ж. Желтоқсандағы Пленум материалы.) Тың игеру кезінде Көкшетау облысында совхоз директоры, кейін аудан, Тың өлкесі аткомының бірінші орынбасары, Қырғызстан Министрлер кеңесінің бірінші орынбасары , КПСС ОК инспекторы, Украинаның Полтава обкомның бірінші хатшысы болған Ф. Моргун деген лауазым иесі азамат, өзінің естелік кітабында Ж. Тәшеновтің іскерлігін жоғары бағалап жазған. Жоғарыда айттық, қайта айтамыз. Бір емес, екі бірдей өзге ұлттың лауазым иесі Жүкеңді төбесіне көтере мақтауынан артық не, айтамыз. Қазақ мақтаса, әй, қойшы, өзіміз ғой дер едік. Тағы бір ерлігі… Тағы да Кәрішал Асан Атаға жүгінейік: – СОКП — ның ХХ съезінен кейін Л.И. Брежнев СОКП ОК хатшысы болып тағайындалады. Артынша И.Брежнев Алматыға келіп КП ОК бюросын өткізіп өз орны, бірінші хатшылыққа И.Яковлев, екіншіге Н. Журинді отырғызбақ болады. Осы кезде бюро мүшелері қазақтар үнсіз қалады. Басынуға шыдамаған Ж. Тәшенов суырылып шығып: — «Қазақстандағы игерілген тың жер, одан өндірген астық көлемі әлемге әйгілі. Бұл күрделі өзгерістерді жүзеге асыруға қазақ халқы, партия ұйымы тәрбиелеген кадрлар өздерінің қаблетін көрсетті. Миллиондаған адамдар келіп жүздеген совхоздар пайда болды. Оларға орысша атаулар берілді. Оған қазақтардың қарсылықтары болмады. Үлкен істе талай саңылақтар өсті. Аудан облыстарда орталық аппаратта, министрліктерде екінші хатшылыққа лайық қазақ азаматтары аз емес. Мына отырған ОК –ның ауылшаруашылғы жөніндегі хатшысы Фазыл Кәрібжанов кімнен кем. Ол екінші хатшылыққа жарамай ма? Осындай дайын кадрларды көзге ілмеу мені таң қалдырады. Мен мұны қазақ кадрларын білгісі келмегендік, не оларға сенімсіздік таныту деп түсінемін. Бірінші, екінші хатшылық қызметке қазақ кадрларын жолатпау белгілі бір дәстүрге айнала бастады.( «Егемен Қазақстан» 08.04.1995 ж.). Жоғарыда келтіргендей солтүстіктегі Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстаны бар бес облысты біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып Ресейге қосу туралы жымысқы саясат ұстанған Н.Хрущев, өлкені басқаруға Т.И. Соколов деген, өз адамын жібереді. Т.Соколов Н.Хрущевке арқаланып Қазақстан басшыларына бағынбай мінез көрсетеді. Москваға қараймыз деген желеу айтып, бюджетті жоспарлауға қажет маңызды мәлімет беруден бас тартады. Т.Соколовтың әрекетіне ашынған Ж. Тәшенов Целиноградқа келіп, өлке басшысының ожар қылығына қатаң сөгіс береді. Кемшілік екінші рет қайталанса басшыны орнынан алып 24 сағат ішінде Қазақстаннан қуып шығатынын ескертіп, «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін шегелеп тұрып айтады. Бұл 1960 жылдың күзі екен. Сол жылдары Министрлер кеңесінде келер жылы елді өркендету жоспарын келіскен жиында Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов деген мінберден: — Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз. Тек, Мәскеудің бөлгеніне тимесеңіздер болғаны» — деп, асқақтаса керек. Бұндай жүгенсіздікке төзетін Жүкең бе?!. Сөйлеп тұрған көк езуді тоқтатып қойып: — Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, Қазақстанды елдегі Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияға мүшесіз. Сіз осы сыңар езулігіңізді қоймасаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан соң, аяқ жетер жеріңізге барып арызданатын боласыз» — деп, шорт кеседі. Мұндайды күтпеген кеудемсоқ А.Козлов желі шыққан доптай салбырап Ж.Тәшеновтен кешірім сұрайды. Бұл А.Козловтың арты қуыс болса керек. Оны Н.Хрущев қызметінен төмендетіп, осында жіберген екен. Байғұс әлін білмей, арыстанға шауып, мерт бола жаздайды. Осы жиында «Тың өлкесі», яғни Қазақстанның бес облысы Ресейге берілмейтіні, бұл жайында қайта сөз қозғамауды жалтақпайларға қатаң ескертеді. Кәрішал Асан Ата Ж. Тәшеневтің тым өжет болып өсуін, кітабында: — Ж. Тәшеновтың өжет болып өсуі көрші ауылдағы рухани ағасы , қара күшпен әдіс айланы ұштастырған күш атасы, қазақты әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасовтың дүниені дүмбірлеткен даңқының әсері. Сол даңқ бойына сіңгендіктен ешкімнен, еш нәрседен қорықпай, қаймықпай өскен адам. Кіммен сөйлессе де, ойын бүкпей еркін айтатын. Ешкімге бас имейтін, бірақ басқаны төмендетіп, кемсітпейтін, деп түйіндейді.
Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Қазақстан тариxы | История Казаxстана