Үйдің қожайыны болсаң да, құжыраңда көп адам тұрса, әйтеуір бір қолайсыздықты сезбей қоймайсың. Түнд...

Үйдің қожайыны болсаң да, құжыраңда көп адам тұрса, әйтеуір бір қолайсыздықты сезбей қоймайсың. Түнде әжетханаға тұрсаң, олар оянып кетпесін деп жарық жақпайсың, бірақ сонда да біреуінің аяғын мыжып кетесің. Таңертең біреуінің қолтығын иіскеп жатып оянуың мүмкін, болмаса оның шуаш сасыған шұлығы сіздің жиналысқа киіп баратын 15 мың теңгелік ақ көйлегіңізбен бірге жуылып кетуі мүмкін. Көпұлтты ел де сондай.. Бір ананың ішінен шыққан бауырыңның өзіне қабағың түйіліп жүргенде, нәмі бөлек, ділі бөлек ұлттың өкілін жек көріп кетуге бір жайт жеткілікті. Бірақ, бұлай істеуге болмайды... Теріңді және ниетіңді кеңейтуден басқа амал жоғын біз үлгі етер өркениетті елдер көрсетіп қойған. Ал оған шыдамасақ, бізді Африкадағы Руанда деген елдің, хуту мен тутсидің тағдыры күтіп тұр, пажалыста (Гуглден оқып алыңыздар)

Бүгін Тараз маңайындағы Бурыл (Ровное) ауылында болған тұрмыстық-қылмыстық жағдайға ұлтаралық сипат беріп жатыр. "Түрік ұлтының 15 жасар жасөспірімі 6 жастағы қазақ баласын 11 жерден пышақтапты. Атқа қон, ағайын! Түріктерді жер аударып жіберейік. Репост" деген хабарға таңертеңнен Инстаграм мен уатсап толып қалды. Біріншіден, бұл қасақана ұйымдастырылмаған оқыс оқиға. Көршісінің үйде жоғын пайдаланғысы келген жігіт үйге түседі. Қарапайым ұрлық. Бірақ, оны көріп қойған 6 жасар баланы куәгер қылмас үшін өлтіріп тынады. Енді осы жерден ұлттық-нәсілдік жікті алып тастасаң, Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан басқа да мыңдаған, миллиондаған қылмыстан еш айырмасы жоқ. Қылмыс па, оның бабы анықталып, қазір әлгі жігіттің үстінен іс қозғалды. Қашып көрсін... Шу тудырмау керек пе, Кавазоғлы отбасын уақытша ауылдан көшіріп жіберді.

Мемлекет бар, жүйе тұрғанда, "ағайын, атқа қон, ананы өртейік, мынаны өлтірейік" деп аттаңдату сол мемлекеттік механизмге қарсы әрекет - бір, халықты арандатып, отқа айдап салу - екі. Сосын, жаман ұлт болмайды, жаман адам болады деген түсінікке келетін уағымыз баяғыда болды емес пе?
"Аттаңды" оқып, репосттап, елге таратып жатқан жастар бұлай араңдатудың астарында қандай арамдық жатқанын өздері түсініп жатқан жоқ. Малыбай мен Шелектегі қазақ-ұйғыр, Маловодноедегі қазақ-шешен, Сарыағаштағы қазақ-тәжік кикілжіңдерінен сабақ алатын кез келді емес пе? Мұндағы ұлтына жанашырмын деген әр жазарман халықты сабырға шақырып, қылмыстан ұлттық бояуды алып тастауға шақыру керек. Әлеуметтік желідегі аласапыранға қарсы әлеуметтік желінің күшін қолданбасақ, несіне отырмыз осында?
Әйтпесе, Руанда-1994 боламыз (Гугл в помощь)...

Өркен Кенжебек


Эта статья была автоматически добавлена из сообщества ҚОНАҚЖАЙ ҚАЗАҚ ЕЛІ

Популярное