Рамазанға дайындық ретінде шағбан айында мынадай амалдарды атқаруға болады:

Рамазанға дайындық ретінде шағбан айында мынадай амалдарды атқаруға болады:

1. Алладан біліп-білмей істеген күнәлары үшін кешірім сүрап, тәубе ету. «Әй, иманға келгендер! Мұраттарыңа жетулерің үшін барлығың істеген күнәларыңа шынайы өкініп, Аллаға бойұсынуға қайтыңдар (тәубеге келіңдер) «Нұр» сүресі, 31-аят
2. Рамазанда жасайтын дұғалардың тізімін жасау. Себебі, Рамазанның күндізінде де, түнінде де тілектер қайтарылмайды, яғни қабыл болады. Ендеше, мұндай мүмкіндікті уысымыздан шығарып алмау үшін арнайы тізім жасап, қажетіміздің барлығын жазып қоюдың артықтығы жоқ. Және Алладан Рамазанға аман-есен жеткізуді сұрап, сол қастерлі айға күнәсіз кіріп, сауаппен шығуды нәсіп етуін тілеу.
3. Көл-көсір сауап, жақсылық пен шаттық, бақыт пен құтылудың себебі болатын ұлы айдың келе жатқанына шын жүрегімен қуану. Себебі, Рамазанға аман-есен жеткізгені – Құдайдың жарылқағаны. Алдыңнан үлкен мүмкіндіктің есігін ашқаны. Жәннатқа кірер жолыңды жеңілдеткені. Алла Құранда: «Бұл – Алланың кеңшілігі мен мейірімі. Олар осыған қуансын, бұл олардың жиғандарынан қайырлы», - деген. («Йунус» сүресі, 58-аят)
4. Оразаның артықшылықтары туралы көбірек ақпарат жинау. Отбасына, жақындарына, бала-шағасына Рамазан айы туралы насихат айту.
5. Рамазанда құлшылыққа көбірек уақыт бөлу үшін әрі шаршап, қиналып қалмау үшін жұмыстардың барлығын оған дейін реттеп, тындырып қою. Көп адамдар жазғы демалысты (отпуск) осы Рамазан айына сәйкестендіріп алады. Бұл да өте тиімді әдістердің бірі.
6. Өзі оқымаған кітаптарды дайындау. Пайғамбар ﷺ өмірбаяны, Құранды, оның мағыналық аудармасы мен түсіндірмесін оқып бастау.
7. Сүннетке сай көбірек ораза тұту. Әбу Бәкір әл-Балхи атты кісі: «Ережеп – тұқым себу, шағбан – суару, ал Рамазан – соның жемісін жинау айы. Тұқымын сеуіп, оны суармаған адам қалай жемісін көрсін?» - десе, тағы бір сөзінде: «Ережеп - жел, шағбан – жаңбыр шақыратын бұлт, ал Рамазан – жаңбыр», - деген екен. Ендеше, Алла шарапаты мол шағбан айында құлшылығымызды бүтіндеп, сауаптарымызды еселесін. Кезінде Әш-Шәғбиден: «Құлшылықта ынта таныту үшін қай ай жақсырақ: ережеп пе, әлде шағбан ба?» - деп сұрағанда, ол: «Аллаға әркез құлшылық етуші бол, әрі «шағбаншы» болма!» - деп жауап берген екен. (“әл-Ләтаиф” 396)
Ендеше, Алла Тағала бізге құлшылық жасауда бірқалыпты, тұрақты болуды нәсіп етсін демекпіз.


Эта статья была автоматически добавлена из сообщества НҰРЛЫ ДАҒУАТ | Діни Портал

Популярное