Everything.kz

Балаларын бабалар көпсінбеген,

Балаларын бабалар көпсінбеген,
Балаларын бабалар көпсінбеген, Бір-біріне серік боп өссін деген. Қырық түрін қарғыстың білген қазақ: «Тұяқсыз қал!» - деп бірақ тепсінбеген. Қызық қуып, қыр кезген ата-бабам, Қуанышқа қашан да қаталаған. Өгей ұлды өксітпей өсіргенді: «Қу бассың!» - деп ешқашан атамаған. Құдайынан қызығын көп тілесіп, Тербелсе деп тоқтамай текті бесік. Жатпай-тұрмай жас иіс аңсай берген Басқалары «боқ сасып» кетті десіп. Бақыт табу баласыз сірә, жалған Болған бедеу-бейбақта бір-ақ арман: Жатпай-тұрмай дұға етіп, жалбарынып, Жаратқаннан жалғыз ұл сұрап алған. Бар кезінде бармын деп тасымаған Жоқ кезінде жоқпын деп жасымаған Қазығында қарасы болмаса да, Қазақ атам он жанды асыраған. Балалы үйден дегендей бақ қаша ма? Арыстай ұл туыпты ақ бас ана. Отбасынан он бала өрбітіпті, «Ардақты Ана» орденін тақпаса да. … Бала, бала кім оны жек көреді, Бал қызықтың белгілі көп керегі. Бүгіндері бірақ та кейбір кербез Бір ұл және бір қызбен шектеледі. Еркінсудің жеттік пе ең шегіне, Бала тәннің артық бір бөлшегі ме? Бір ұл, бір қыз қалалық бауырлардың, Бара жатыр айналып өлшеміне. Бара жатыр бұл күні сезім жүдеп, Бәз біреулер баладан безінді кеп. Сары қарын, салпы етек болмау үшін, Құрсағының қояды көзін бітеп. Ұрпақ болар ұрықты бойға қамап, Өмір жайлы өксірміз ойлап ағат. Кейбіреудің көңілі бала да емес, Аңдитыны алтын мен той-томалақ. Байлық шіркін болады кімге пана? Бақыт па екен үлде мен бүлде ғана? «Аборт» атты ажалдың арқасында, Азайып та қалыпты-ау шілдехана. Болмас дей ме бетіме сірә салық, Сылаң қағып сылқым жүр рас, анық. Жарық дүние аңсаған жан иесін, Бір көрден ап, бір көрге тыға салып. Таба қалса тобырдан толық қоштау, Бір сұмдыққа болады-ау, анық бастау. Тас бауырлық емес пе, тіршілікті Тәнге біткен түйіндей алып тастау. Жазығы не, бәрібір жазалайды, Қайран болам жоқтаусыз қаза жайлы. Бар жоғын да дүниеден білмей кеткен, Күнәсіздер көңілімді мазалайды. Белшемізден ырысқа кенелдік те, Болашақты жамсата жөнелдік пе? Бауырлар-ау, бұнымыз біз көргенді, Балаларым көрмесін дегендік пе? Бұзып-жарып болмыста болмай халық, Бұрыс кеткен бұзықты қолдай ма анық? Екі сынып қашанғы бірігеді, Бала саны мектепте толмай қалып. «Өмір сүргің келе ме, өлі ту» - деп Жүргендерден болады не күтуге? Қазықбастар қоғамның мүшелерін Дүниеге келтірмей кемітуде. Жарық дүние аңсаған жас баласын, Жоқ қылады, сұмдық-ай, масқара шын. Жарларыңды, жігіттер, абайлаңдар, Ұлы адамды алдыртып тастамасын! Жақтырмасаң жырымды кектесе бер, Жан емеспін, әйтеуір жоққа сенер. Осы індетті жоятын туар біреу, Оның өзі аборт боп кетпесе егер. // Шорабек Айдар – Бауырлар-ау, бұл қалай?
Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Қазақ әдебиеті