Ата-анаңызды одан да жақсы көргізетін 20 хадис

Ата-анаңызды одан да жақсы көргізетін 20 хадис

Дана Абай атамыздың жиырма тоғызыншы қара сөзінде келтірілгендей: «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе?». Міне, қараңыздар, терең ой иесі Абай Құнанбаев ата-ана туралы қандай керемет айтып кеткен. Қазіргі таңда ата-анасынан қауқары кетіп, денсаулығы нашарлаған соң ойланбастан қарттар үйіне өткізіп жатқандар Абайдың осы қара сөздерін оқыса, біраз да болса ойланар ма еді?...

...Алла Тағаланың қалауымен, бізге өмір сыйлап, бізді осы жарық дүниеге әкелетін, одан кейін сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, ауырған кездерімізде бізге мейірлерін төгіп, қамқор болып, кей кездері бізді өздерінен де артық жақсы көретін жандар – біздің ата-анамыз. Көзімізді ашқаннан көретін ата-анамызға деген сүйіспеншілік – әрбір адамның өміріндегі ең үлкен де ең бірінші махаббаты. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, біз өміріміздегі ең басты, ең негізгі, жанымызға қымбат адамдарымызды ұмытып кетеміз. Ал біздің асыл дініміз болса өмірдегі ең құнды, ерекше бағалайтын әрі аса қадірлейтін адамдарымызбен қарым-қатынасымызды нығайтуға үндейді.

Біздің мінсіз шариғатымызда ата-ананың өз перзентінің алдындағы міндеттері болғаны сияқты, перзенттің де оны бұл дүниеге әкелуге себепші болған ата-анасының алдында да өзіндік міндеттері бар. Ата-анаға құрмет көрсету парыз әрі шексіз сауап. Сүйікті Пайғамбарымызға (ﷺ) тән көркем мінездердің бірі – ата-ананы қадірлеу.

Қасиетті Құранда Алла Тағала ата-анамен перзенттері қандай байланыста болулары керектігі туралы былай айтқан: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: “Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын” деді» (46:15)

Мәртебелі Алла Елшісінің (ﷺ) төменде келтірілген хадистері біздің көзімізді ашып, санамызды оятып, ақиқатқа келтіріп, ата-анамызға мейірлі көзбен қарауға әрі біздің оларға деген сүйіспеншілігімізді арттыруға жетелейді. Ендеше, сол хадистерге құлақ салып көрейік:

1. Ата-анамен қатынасты нығайту - өмірді ұзартып, рызықты көбейтеді;.

2. Ата-анаға сүйіспеншілікке толы көзбен қарау – қабыл болған қажылықтың сыйына тең;

3. Ата-анаға бойсұну Алла жолында тұрудан маңыздырақ;

4. Ата-анаға көмек - қажылық, умра және Алла жолында тұрудың сауабын береді;

5. Жұмақ – ана аяғының астында;

6. Ата-анаға ашулы түрде қарағандар, оларға бағынбайды;

7. Ата-ананы тыңдамау – ауыр күнәлардың бірі;

8. Алла разылығы — ата-ана разылығында;

9. Ата-анасын тыңдамайтындар мейірден жұрдай болады;

10. Ата-анаға тіл тиигізу, оларға әдепсіз сөздер айту – ауыр күнәлардың бірі;

11. Ата-анасы разы болмаған перзентке Алла лағынет айтады;

12. Кімде-кім ата-анасына бейнет шектірсе, ол осы дүниеде және ақиретте жазаланады;

13. Кімде-кім ата-анасын тыңдамаса немесе ата-анасы одан разы бомаса, ол Жұмаққа кірмейді;

14. Тозақ есіктері – ата-анасына бойұсынбағандарға ашық;

15. Ата-ананың разы болмауы – Алланың разы болмауы;

16. Ананың дұғасы кедергісіз қабыл болады;

17. Қартайған шағында ата-анасын тастап кететіндер Жұмаққа кірмейді;

18. Ата-анаға бағыну және оған жақсылық жасауға тырысу – Алланың ең сүйікті амалдарының бірі;

19. Перзенті үшін ата-ана оның Тозағына немесе Жұмағына айналады;

20. Кімде-кім ата-анасының немесе біреуінің қабірін зиярат етсе, оның күнәлары кешіріледі.


Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Дін Ислам - Діңгегім

Популярное