Шам өлкесі: тағдыры қиын сәбилер...

Шам өлкесі: тағдыры қиын сәбилер...

Шам өлкесіне шетелден келіп, соғыс алаңында қанға бөккен әкесінің мәйітін құшақтап жатқан бір баланы көз алдыңызға әкеліңіз. Өзінің де бет-аузына қара қан қатқан. Нәр татпай, асқазаны шұрылдап, өлген әкесінің қасында көз жасын көл қылып отырғанына бірнеше күн болды.
Қасына келіп, маңдайынан сипап «Жүре ғой! Мен сені жуындырайын, тамағыңды берейін. Киіміңді ауыстырып ал. Сосын балалармен ойнай ғой» дейтін анасы да, басқа жақын-туыстары да көрінбейді. Жан-жағында қирап жатқан үйлер, әржерде қасқыр тиіп кеткен қойдай қырылып жатқан өліктер.
Бұл әлі балиғатқа да толмаған бала. Көзіндегі жасы құрғап кеткен. Дауысы да шықпайды. Тек бала жүрегін сыздатып, ішін түйреп, өзегіп өртеп, шыдатпай тұрған бір ащы зары бар. Әке! Әке! Тұршы! Ояншы! Мені ауылға апаршы! Мен ауылды сағындым. Апам мен әжеме барғым келеді. Менің қарным ашты. Шөлдедім. Тұршы, әке, тұршы! Енді мүлде оянбайсың ба?
Міне, талай уақыттан бері Шам өлкесінде күн сайын қайталанып жатқан оқиғалардан шағын ғана көрініс. Ата-анасынан айырылып шырылдаған балаларға, нағыз балалық шақтың қызығына батар кезеңдегі сәбилердің тағдырына бүгін бір әкенің, бір ананың немесе жай бір сау жүректің иесі ретінде тағы бір көз салып көрмекпіз. Өзгелерді де соғыс алаңдарында ең үлкен қиянат көріп, ең ауыр зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген балапандарға дәл осы көзбен бір қарауға шақырмақпыз.
Шам өлкесінде қазір қан төгіске, қатыгездікке, қиянат пен көз жасына толы ауыр бір тіршілік тауқыметі толассыз жүріп жатыр. Ғаламтор бетінде жарияланған қиянаттарға қарап, шыдап отыру мүмкін емес.
Көзі жәутеңдеп, үрпиіп, үркіп тұрған бір кішкентай қызды бір содыр қолындағы қарумен ата салды. Бір бала қираған ғимарат бетондарының астында ыңырсып жатыр. Тағы бір сәби жараланған ағзасын ұстап, көз жасын төгуде. Бір балалар өлген ата-анасын құшақтап жылап отыр. Алаңның бір бұрышында үлкендер қыршын кеткен жүздеген баланың мәйіттерін жинаумен айналысуда.
Жаппай қырғынның жазықсыз құрбанына айналған балалардың денесінде сау тамтық көрінбейді. Бірінің басына оқ тиген, тағы бірінің ішек-қарыны ақтарылған. Бір немесе екі көзінен айырылған, басы жарылған, аяқ-қолы сынған балаларда есеп жоқ.
Жалаңаш денесі қанға боялған бір бала жарақатының ащысын басу үшін еңкілдеп жылап отырып Құран оқуда. Әр жерде еңіреген балалардың «Құтқарыңдар!» деген жан айқайы естіледі. Тағы бір жерде бет перде киген адам бейнесіндегі «хайуандар» өз балаларына адамның басын кесуді «тәлім етіп», «үйретіп» жатыр. Қысқасы, «Ислам халифатын құрамыз» деген содырлардың жасап жатқан зұлымдықтарын санап тауысу мүмкін емес.
Күн сайын жүздеген адам көз жұмып, мыңдаған жан жазықсыз жапа шегіп, бассыз қырғынға ұшырап жатыр. Кейбір деректерде 2011 жылғы 25 наурыздан бүгінге дейін бұл жақта 70 мыңнан астам адамның сәулелері сөніп, өмірлерімен қош айтысқан. Әрбір күн өткен сайын бұл сан жүздеген адамға артуда.
Шам елінің бейбіт тұрғындары «Біз де мұсылманбыз ғой. Көмектесіңіздер!», «Төбемізден бомбалардың қалай жауып жатқанына қараңыздар!», «Бізді қырып жатыр, бірақ қолымыздан ештеңе келмейді» деп көз жастарын төгуде. Кейбір ақылды сәбилер: «Бізді өлтіретіндей біз сендерге не қылдық» деген сөздерді айтады. Міне, Шамдағы сәбилердің күнделікті өмірі осылай өтуде.
Ойлап көріңізші, бұл айтылғандардың қай жері Ислам, қай жері мұсылмандық? Адамзат баласының бақыты үшін жіберілген мейірім дінінің қай қағидасында осыншалық қатыгездікке рұқсат берілген?
Осындай тірлігімен өздерін мұсылман санап жүргендер: «Шынында, мүміндер бір-біріне бауыр» деген аятты оқуды қатырады. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) «Мұсылман бір бүтін дене секілді, бір жері ауырса, соның себебімен өзге ағзалары да қиналады» деген хадисті олар қай беттерімен айтады?
Білімсіз, надан шейхсымақтардың жалған пәтуасына сүйеніп, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған содырлар өздері де өліп, өзгені де өлтіріп әлек. Екі ортада күйеуі өліп жесір қалған әйел күн сайын күйеу ауыстырып, ал баласы оның артынан еруден басқа лажсыз күй кешуде. Бейне материалды көріп отырып, бейкүнә балалардың жаны қалай қиналып жатқанын сезерсіз. Сіз де бірге жыларсыз. Бірақ амал нешік, жазықсыз туылған перзенттерді осындай күйге қалдырған адамдар бұл істерін Исламға балауда.
Олар үшін бұл зорлықтар Алла жолындағы ұлы жиһадқа жатады. Олардың пікірінше, «Жандарыңмен және малдарыңмен Алла жолында күресіңдер» деген қасиетті аяттың мағынасы осы. Олардың түсінігінде жұмақтың ең төріне ең төте жолмен апаратын іс осы. Бас-аяғы кесіліп, монтаждалған аяттармен оларға дәл осындай уағыз айтылуда.Тіпті, арақ ішіп, есрткіге мас болса да, намаз оқып ораза түтпаса да, оларға жұмақ дайын деп ұғынады. Шындығында солай ма?
Аңдасаңыз, күн сайын намаз оқыған кісі кемінде қырық рет «Ар-рахманир рахиим» - «Алла аса мейірімді, рақымды» деген аятты оқиды. Әр кездеске адамға «Әс-салам!» деп бейбітшілік пен тыныштық тілейді. Дініміз Ислам адам түгіл малға зәбір көрсетуді құптамайтын мейірімге тұнып тұр. Екі дүниенің ең ардақты тұлғасы, Алла елшісін (с.ғ.с.) де Жаратушы Иеміз: «Біз сені ғаламдарға мейірім жаршысы етіп жібердік» деген аятымен таныстырады. Алла Тағала: «Менің рақымым барлық нәрсені түгел қамиды» деп бүл дүниеде мейірімнің рөлі қандай екенін айдан анық баян етеді. Ардақты адам былай тұрсын, небір жыртқыш аңдардың өзі жас төліне мейірім шуағын төгіп жүргенін көреміз.
Осының бәрін ұмытып, қолына қару алып, жас демей, кәрі демей, бала демей, әйел демей адам қырумен айналысып жүргендер бұл Исламның қай жағында жүргенін ойлап көрдіңіз бе? Жаратқан Иесі туралы еш болмаса титімдей түсінігі бар адам «Аллаһу әкбар!» деп адам өлтірер ме еді? Балалар мен әйелдерді әлгінде айтылған қиянаттарға душар етер ме еді?
Бұл дүниеге келгендегі асыл мақсатымыз Алланы тану, Оған құлшылық ету дейді. Адам баласын түп-түгел мейірімге, тыныштыққа, бейбіт өмірге шақырып тұрған Алланы танитын адам мұндай қанішерлік істерге бара ала ма? Жоқ.
Иә, жер бетіндегі адамзат баласы түгел мойындайтын бір ақиқат бар – ол балалар қоғамның болашағы екендігі. Балалар жер бетіндегі ең қымбат, ең тәтті қазына саналады. Бірақ неге бүгінде қаншама балалар көздері жәутеңдеп жетімдер үйінде отыр? Неге жер бетінде миллиондаған жас балалар ата-анасының мейірімінен ада, қарыны аш, киімі жыртық күй кешіп жүр? Көздеріне көк шыбын үймелеп, қабырғалары көрініп, сүйектері қабысып жүрген Африка сәбилерін көрген сау жүрек езіліп кетпей шыдай ала ма? Ал енді осыған бүгінгі Таяу Шығыстағы соғыс алаңдарында қандары төгіліп, баудай қырылып, тарыдай шашылып жатқан балаларды қосыңыз. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих хадисінде айтылғандай, «тап-таза, пәк, мұсылман табиғатымен дүниеге келген балаларды» осыншалықты қорлауға Алла Тағала рұқсат берген бе? Әрине, жоқ. Дүние жүзіндегі қандай шейх «балалар мына кінәсі үшін өлтірілуге лайық» деген пәтуа шығарып бере алады? Құдайдан қорқатын ғалымдардың ешқайсысы ондай қадамға бара алмас. Алайда өкінішке қарай осыған да ақылы мен білімі жетпейтін бүгінгі кейбір шейхсымақтарды үлгі тұтатын қаншама мұсылман бар.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең маңызды, ірі сүннетерінің бірі – балаларды жақсы көру болатын. Алла елшісінің (с.ғ.с.) балаларға деген махаббаты ерекше еді. Бір баланың жылаған дауысы шықса, жанын қоярға жер таппай қиналып кететін. Намаз оқып тұрса, аналар тезірек баласына қауышсын деп оны да барынша жылдам аяқтайтын. Ал Бужейір деген баланың ойнап жүрген жеткіншектерден оқшау, көңілсіз тұрғанын көргенде Мейірім Пайғамбары не істеп еді? Жетім баланың көңілін аулап, «Мен – әкең, Айша – анаң, Хасан мен Хусейн бауырларың болғанын қалар ма едің?» деп ұсыныс жасаған жоқ па еді?
Ауырып қалған кіп-кішкентай еврейдің баласының үйіне көңіл сұрап барған жоқ па? Сосын оған иман келтіргізіп: «Менің себебіммен бір баланы тозақ отынан сақтаған Аллаға шүкір» деп дұға еткен. Көрдіңіз бе, Исламдағы баланың рөлі өте үлкен.
Ислам шариғатында балалардың үлкендерден алатын мынадай ақылары бар:
- Мейірім, жылы сөз, жұмсақ мінез көруге;
- Ішетін-жейтін ас-сумен қамтамасыз етілуге;
- Тегін білім алуға;
- Асыр салып ойнауға, шапқылап жүгіруге;
- Белгілі бір жақсы есімнің иесі болуға;
- Белгілі бір отанның азаматы болуға;
- Ойламаған жерден апат бола қалса, жәрдем көруге;
- Қоғамға, ел-жұртқа пайдалы болып өсетіндей тәлім-тәрбие алуға, т.б. әр баланың ақысы бар.
Мұның бәрі ойдан шығарылған ережелер емес. Қасиетті аяттар мен Пайғамбар хадистеріне сүйенетін нақты діни үкімдер. Үлкендер балалардың алдында осы айтылғандарды толық орындауға міндетті. Оны орындамаса күнәһар болады. Мойынмызда осынша міндеттер тұрғанда, балаларды қырғынға ұшырату қаншалықты үлкен қылмыс екені айтпаса да түсінікті.
Алла Тағала нәрестені ең әуелі ана құрсағында, ең бір қауіпсіз, мейірімге толы бір жерде жаратып өсіреді. Ол жерде жатқан бала үш түрлі қорғанмен қамтамасыз етіледі. Ал туылғаннан кейін әр балаға жеке-жеке асыраушы, қорғаушы, бақылаушы, тәрбиеші ретінде ана нәсіп етеді. Туылған шақалақ ауызын ашса болды, анасының омырауынан аппақ, тап-таза, жып-жылы сүт атқылайды. Сол анаға жылаған баланы жұбатқызады, кірлегенін тазалатқызады, ауырса емдеткізеді. Көрдіңіз бе, Жаратушы Иеміздің жас балаға деген назарын, мейірімін?
Ақиқатқа қарасақ, ешбір ата-ана баласының шын иесі емес. Олар баланы Алладан аманат етіп алады. Ақирет таңында ол бала үшін міндетті түрде жауапқа тартылады.
Осы ақиқаттарға қарасақ, баланы шетелге апарып, қан соғыстың ортасына салу қаншалықты үлкен қылмыс, ауыр күнә екенін бүгінгі мұсылмандар анық білуге тиіс.
Алла Тағала үлкендердің зорлығын көріп жүрген бейкүнә балаларды өз панасына, рақым-мейіріміне алсын. Біреулердің айтағымен ауыр күнә жасап жүргендерге Алла сана берсін. Еліміз, жұртымызда қашан да тыныштық пен бейбітшіліктің күні сөнбесін.


Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Ислам дініндегі ғибратты әңгімелер

Популярное