Everything.kz

Азаттық қозғалысының жалаугері - 4

Азаттық қозғалысының жалаугері - 4
Азаттық қозғалысының жалаугері - 4 Мұстафа Шоқайдың иланымынша, тарихи отанын жанындай жақсы көретіндер ғана оның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы нағыз күрескер бола алады. Сондықтан да ол «Яш Түркістан» басылымы беттерінен оқырмандарды туған елі мен жер-суының тағдыр-талайын жақсы білуге, оны жақсы көріп, мақтаныш ете алуға үндеді. Мұстафа азаттық қозғалысында тек түркістандықтардың ғана емес, солармен бір қатарда өзге де түрк жұрттарының – қырымдықтардың, татар, башқұрт, әзірбайжандардың бір мақсатта күресуінің маңыздылығына назар аударды. Түркістан бірлігі идеясының жаңа мазмұнда түсінілуіне мән берді. «Түрк іс бірлігі» баршасына үлкен күш-қуат беретінін уағыздады. Еврейлердің өмір салтынан «Варшавадағы бір еврейдің тісі ауырса – Америкадағы еврейдің жағы сыздайды» деп айтылатын қанатты сөзді келтіріп, қазіргі ұлт қайраткерлері де тап сол сияқты: «түрк тектес бір ел азап шексе – барша түрктер азап шегеді» деуі қажет екенін айтты. Мұстафаның бұл көзқарасын эмиграциядағы түрк зиялылары толық қолдады. Мәселен, Уфа губерниясынан шыққан саяси қайраткер, заңгер, әдебиетші, Құрылтайшы жиналыс мүшесі, эмигрант Омер Тенерекоглы өзінің де Мұстафа тәрізді жалпытүрктік көзқарасты ұстанатынын хабарлап, Россиядағы түрк ұлттық мәселесі Түркістан тәуелсіз болғанда ғана шешілетініне сенетінін жазды. Оны Әзірбайжанның да, Қырымның да тәуелсіздігі шеше алмайтынын, Еділ бойы түрктерінің мәселесі де Түркістан мәселесіне байланысты екенін айтты. Мұстафаның иланымы бойынша, түркшілдік – түрк халықтарының шығу тегіне, мәдени-рухани тіршілігіне қатысты мәселе. Яғни ол шыққан тек пен мәдениет хақындағы мәселе ретінде қарастырылуға тиіс. Ал азаттық үшін, тәуелсіздік үшін күрес – күн тәртібіндегі мәселе, бұл ретте түрк мүддесін көздегендер барлық шынайы бостандықты аңсаған халықтармен бірлесіп күресу керек. Сондықтан да ол қоғамдық-саяси тақырыптағы мақалаларында тек Түркістанның мұң-мұқтажын ғана күйттемей, совет билігі езгісіндегі украин, грузин, әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы, Қырым халықтарының тыныс-тіршілігін арқау етті. Түрк халықтарының рухани жақындығын әрқашан есте ұстап, қандай жағдайда да бір-біріне қол ұшын беріп жүруін жақтай отырып, Түркістан Ұлттық Бірлігінің өз ішіндегі ынтымақты күшейте түсуге, сөйтіп, шетелдегі барша ұлттық ұйымдармен тұрақты қарым-қатынас орнатуға күш жұмсады. Ортақ мүдде үшін күресуде бірлікті нығайта түсудің маңызды екендігін әрдайым еске салып отырды. Мұстафа Шоқай азаттық үшін күрес қисынын мәселеге осылай кеңінен қарау арқылы пайымдады. Ол он жыл бойы шығарған «Яш Түркістанның» жүз он жеті саны түгелдей түрк ұлт-азаттық қозғалысын теориялық тұрғыда негіздеуге қызмет етті. Ұлы күрескер Берлинге жиналған Түркістан жастары алдында 1936 жылы сөз сөйледі. Онда «жат үкімет... алты жұмхұриетке бөліп» тастаған «Түркістан – бөлінбес бір өлке» екеніне жас азаматтардың назарын аударды. Алдағы мақсат ретінде, өлке жұртының өз ұлттық өкіметін құру, «жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін түркі халқының дос болып, өзара бірлік пірадарлықпен жасап, сыртқы дұшпандарға толықтығын білдіріп қою» екенін айтты. «Еуропаның әр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар!» – деді. «Кімнен таяқ жегендей біздің түрктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға – ауызының аласы», – деген нақыл сөзді ұмытпауға шақырды. Бес жылдан кейін, екі тоталитарлық мемлекет текетіресінің құрбанына айналған сан-мың соғыс тұтқындары қамалған лагерьлерді 1941 жылғы тамызда аралап, түркістандықтар алдында сөйлеген сөзінде: «Алла бізге неміс тұтқынынан құтылуға және өз үйімізде бейбіт және адал еңбегімізбен өмір сүруімізге көмектесетініне сенемін. ...сендер бәрің де өз отаны бар біртұтас Түркістан халқының ұлдарысыңдар деп есептеймін. ...Менің ең негізгі қамқорлығым сендердің әрқайсыңа біздің болашақ отанымызды – Түркістанды құру үшін қажетті әртүрлі іскерлік жұмыстарға орналастыру болмақ», – деді. Баршамызға белгілі, тағдыр оған жоспарын жүзеге асыруды жазбады... Тура Мұстафа Шоқай аңсағандай болмағанмен, Түркістан өлкесінің байырғы халықтары елу жылдан кейін, 1991 жылы, өздерінің тәуелсіз мемлекеттерінің түтінін түтетті. Содан беріде өзіндік жолдарымен дами отырып, қазіргі таңда тарихи тамырластықтарын бекіте түсетін мәдени іс-шараларды жүйелі түрде бірлесіп жүргізіп келеді. Біздің телеграм каналы: https://t.me/birturkistan Біздің инстаграм: instagram.com/birturkistan/
Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Қазақстан тариxы | История Казаxстана