Everything.kz

Құбылай Сүрер, Германия қазағы: Қазақстаннан шақыру алғанда қазақ екенімді шынайы сезіндім

Құбылай Сүрер, Германия қазағы: Қазақстаннан шақыру алғанда қазақ екенімді шынайы сезіндім
Қазақтар
Құбылай Сүрер, Германия қазағы: Қазақстаннан шақыру алғанда қазақ екенімді шынайы сезіндім Астана. 12 қазан. BAQ.KZ – Жақында Алматы қаласында өткен «Көк тудың желбірегені» атты шетелдегі қазақтарға арналған өнер фестиваліне Германияның Хайдельберг қаласынан Құбылай Сүрер есімді қандасымыз келіп қатысты. Халықаралық өнер байқауының сурет номинациясы бойынша бағын сынап, алыстан өз туындыларын арқалап әкелген 16 жасар Құбылайдың қуанышында шек жоқ. «Мен үшін жүлде маңызды емес. Ең бастысы мен осы өнер байқауына Еуропа қазақ қоғамдары федерациясы (FEKA) атынан жалғыз жолдама алып, атамекеннің топырағына табаным тиді»,-деп атажұрттағы әсерімен бөліскен Құбылай Сәлеметәлиұлы Қазақ еліндегі алғашқы сапарын былайша баяндады: «Бұл жолы аталарымның жұртына жалғыз өзім бірінші рет келдім. Германияның Баден-Вюртемберг деген облысында біздің отбасымыздан басқа қазақ жоқ. Неміс және ағылшын тілдерін жетік меңгергенмін. Қазақ тілін түсінемін, өкінішке қарай сөйлей алмаймын. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы ұйымдастырған өнер фестиваліне жолдама алғанда қатты қуандым. Шақыру қолыма тиген кезде қазақ екенімді, қымбат екенімді шынайы сезіндім. Қазақ елінің біз сияқты өзге елдерде өмір сүретін қандастарын ұмытпай еске алғанына алғыстан басқа айтарым жоқ. Халықаралық өнер фестиваліне қатысу, жан-жақтан келген ағайындармен танысып бірге болу бақытына ие болған өзімнің тебіренісімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұндай басқосулардың алыста жүрген ағайынның, әсіресе жастардың ұлттық, отаншылдық сезімдерін күшейтіп, атажұртқа деген махаббатын арттыра түсері анық. Сондықтан осындай жиналыстар көп болса екен деп тілеймін. Елімізде көк ту мәңгі желбірей берсін. Тек қана алға, алға Қазақстан!». Осылай деп ағынан жарыла бала тілегін жеткізген бауырымыз ұтымды бір ұсынысты да айтып қалды. «Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ тілін виртуалды түрде үйретуді веб-сайт арқылы шетелдерде тұрған қазақтарға ұсынғанда интернет арқылы ана тілімізді еркін меңгеруімізге мүмкіндік болар еді» дейді ол. Айта кетейік, Алматыда өткен Халықаралық өнер фестиваліне Франция, Германия, Австрия, Ресей, Қытай, Иран сияқты 20-ға жуық елден 150-дей қандасымыз келіп қатысқан болатын. Алыстан келген ағайын мүшәйра, жыршы-термешілер байқауы және сурет көрмесі бойынша сынға түскен еді.
Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Қазақтар