Everything.kz

Достықты тәрк ету...

Достықты тәрк ету... Мұсылманның дін бауырына ренжіп, ашуланып үш күннен көп араздауы харам болып табылады. Хадис шәрифте: «Мұсылманның мұсылманға үш күннен артық араздауы халал болмайды. Үш түннен кейін оған барып сәлем беруі уәжіп болады. Сәлеміне жауап берсе ортақ сауапқа ие болады. Жауап бермесе күнәсі оған болады» делінген. Ерлердің де, әйелдердің де дүниелік іс үшін мұсылманның мұсылманға араздауы, яғни оны тәрк етуі, онымен байланысын үзуі жаиз емес. Мұсылман еместерге де дүниелік істер үшін араздау жаиз емес. Жылы жүзбен, жылы сөзбенен олардың да көңілдерін табу керек, ренжітпеу керек, кісілік ақыларына мән беру керек. Араздасқан адамдардың үш күн толмай тұрып татуласқаны дұрыс. Қиын болмасын деп үш күн рұқсат берілген. Үш күн өткеннен кейін күнә жазыла бастайды және күн өткен сайын ол күнә арта береді. Күнәнің артуы татуласқанға дейін жалғасады. Үш күннен артық араздаған адам шапағат етілмесе, яғни кешірілмесе жаһаннамда азап көреді. Хадис шәрифте: «Саған араздаған адамға барып татулас! Зұлымдық жасағанды кешір. Жамандық жасағанға жақсылық жаса!» деп бұйырылған. Күнә істеген адамға оған насихат ретінде сабақ болсын деп араздау жаиз, тіпті мүстаһаб болады. Аллаһу та'ала үшін араздаған болады. Хадис шәрифте: «Амалдардың, ғибадаттардың ең құндысы – хубби филлаһ және буғди филлаһ» делінген. Дауд алейһиссаламның алдына бір-біріне шағымданып екі адам келеді. Дауд алейһиссалам оларды тыңдап, мәселелерін шешіп, кетіп бара жатқанда Әзрейіл алейһиссалам келіп: - Бұл екі адамның біріншісінің ажалына бір апта қалды. Екіншісінің өмірі бір апта бұрын біткен еді, бірақ өлмеді,- деді. Дауд алейһиссалам таң қалып себебін сұрағанда: - Екіншісінің бір туысы бар еді. Ол бұған араздаған еді. Бұл оған барып көңілін аулады. Осыған орай оған Аллаһу та'ала тағы жиырма жыл өмір қосты,- деді. Қорыта айтқанда араздамау, ренжіспеу, ұрыспау керек. Достықты тәрк етпеу керек және араздағандарды татуластыруға тырысу керек.
Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Ислам дініндегі ғибратты әңгімелер