Everything.kz

- Бала едік, ә?

- Бала едік, ә?
- Бала едік, ә? - Бала едік кеше біздер. Неше қыстар өтіпті-ау, неше күздер. Енді бізді балалар әкеміз дер, Енді бізді балалар шешеміз дер. Жалаң аяқ бала едің лақ қуған, Терезеге тас атып, лақтырған. Көкесінің тартып ап тентектігін, Көп жасағыр ұлдарың сауап қылған. Мынауың не, басыңа шық тұрған ба?! Аппақ ұнды әйелің жұқтырған ба?.. Қайранмын, қалай шыдап жүр екенсің?! Жылаушы ең асығыңды ұттырғанда... - Бала едік, ә?.. Бала едік. Талтүс еді. (Үйретпепті-ау өмірдің салты сені). Басқа несін қарадың? Бас -биік қой, Биік жерге алдымен қар түседі. Тентектікті бердім ғой балаларға, Бермесіңе қоймайды, шара бар ма. Оңып тұрған жерің жоқ сенің-дағы, Тілің қайтып барады табалауға? Тек көздерің күлгенін ұмытпапты, Қайық төсің қирауға жуықтапты. Қолаң қара шашыңа кім байлаған. Әне бір аппақ-аппақ суыртпақты?! Кірпігіңде бұлт тұр жауатындай, Сілкіп қалсаң селдетіп ағатындай. Маңдайыңа әлдекім сурет сапты, Шағаланың шарқ ұрған қанатындай. Сен бота едің көздерің мөлтілдеген, Мен құлын ем тұлымы желпілдеген. Өтті бәрі... Ана мен әке болдық, Арамызда сыр қалды шертілмеген.
Эта статья была автоматически добавлена из сообщества Мұқағали Мақатаев